Қазақстан халқының қаржы ұйымдарындағы қарызы 27 трлн теңгеден асты

Орта есеппен әрбір берешек алған азаматтың мойнында 4 несие бар. 

Үкімет тұрғындардың борыштық жүктемесін азайтып, табысын арттыру үшін 2029 жылға дейінгі кешенді жоспар қабылдады. Құжат 6 бағыт пен 59 іс-шарадан тұрады. Нәтижесінде алдағы үш жылда ең төменгі жалақы өсіп, жаңа жұмыс орындары ашылады, инфляцияны тежеу шаралары күшейтіледі, халықтың нақты табысы артып, әлеуметтік қолдау тетіктері жетілдіріледі.

Ерділдә Таутенов, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Жаңа бағыт – инфляцияны төмендету. Өзіміз көріп отырмыз, былтырғы жылдың нәтижесі бойынша халықтың номиналды табысы өскенімен оны инфляция жеп қойып отыр. Яғни нақты табысы кері мәнді көрсетіп отыр. Минус 1,1%. Сондықтан инфляцияны ауыздықтау осы кешенді жоспардың бір бөлігі.

Брифингте Ұлттық экономика бірінші вице-министрі ең төменгі жалақыны көтеру бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтты. Айлықтың қанша пайызға артатыны бюджетке байланысты дейді. Қазір елдегі қаржы айналымын есептеу бойынша статистика әлі де жүргізіліп жатыр. Нәтижесі 1 тамызда жарияланады. Сонда ғана 2027 жылға арналған бюджет жоспарланып, ең төменгі жалақыны қаншалықты көтеруге болатыны анықталмақ. 

Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:
-
Ұсынылатын шешімдер ретінде келесі шаралар қарастырылған. Бұл ең төменгі жалақыны арттыру, мемлекет алдындағы қарсы міндеттемелерді орындау арқылы жалдамалы қызметкерлердің табысын көбейту, азаматтық қызметшілердің еңбекақысын көтеру; табиғи монополия субъектілері өндірістік персоналының орташа жалақысын арттыру; сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық жалақыларын әр үш жыл сайын индекстеу.