Елімізде геологиялық барлауға 470 млн доллар жұмсалмақ
2026-2028 жылдары мемлекет геологиялық барлауға шамамен $470 млн жұмсамақ.
Бұл жайлы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың қатысуымен өткен Тау кен-металлургия конгресінде мәлім болды. Қазір елімізде геологиялық зерттеу бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оның қорытындысы бойынша жер қойнауын зерттеу алаңы 2 млн шаршы шақырымға жеткізіледі. Сондай-ақ геология саласын технологиялық жаңғырту жұмыстары жалғасып отыр. Өндірістік процестерді басқаруға диджитал шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Еліміздің жаңа Конституциясы осы бағыттың институционалдық негіздерін бекітеді. Ол меншік құқығы мен инвестицияларды қорғау кепілдіктерін күшейтеді, заң үстемдігі қағидаттарын нығайтады. Жер қойнауын пайдалану, металлургия және терең өңдеу салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асыру қомақты инвестиция мен ұзақмерзімді инвестициялық циклдерді талап етеді. Сондықтан институттардың орнықтылығы, реттеудің болжамдылығы және бизнес тарапынан сенімнің жоғары деңгейі саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі шарттардың біріне айналып жатыр.