ШҚО-дағы «Үйдене» су қоймасын жөндеу жұмыстары 10 жылдан бері аяқталмай тұр

Шығыс Қазақстан облысында екі су қоймасы әбден қаусап тұр. Екеуі де жарты ғасыр бұрын салынған. Соның бірі Зайсандағы «Үйдене» су қоймасы - 65 пайызы тозған.

Қазір көп су сақтауға келмейді. Жүзімге дейін өсіріп, жайқалтып отырған бағбандар үшін бұл апатты жағдай. 

«Үйдене» су қоймасының сыйымдылығы 75 миллион текше метр суға есептелген. 1966 жылы салынған тоған қазір 65 пайызға тозған. Сала мамандары талай жылдан бері жөндеу жүргізіледі, дегенмен әлі нәтиже жоқ. Сондықтан апатты деп танылғалы оған жиналатын су көлемін шамамен 1,5 есе азайтуға тура келген. Осылайша қазір бар болғаны 45 миллион текше метр тіршілік нәрін тоғытып тұр.

Еркебұлан Зағыпаров, Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы:

- 45 миллион текше метр су жерге тамған тамшыдай ғана болады. Зайсан ауыл шаруашылығы ауданы болып есептеледі. Соның ішінде егін шаруашылығы бар. «Үйдене» су қоймасынан Жарсу, Кеңсай, Қарабұлақ, Бақасу су алады. Оларға су жеткенше бақша салуға халық пайдалануда. Сондықтан «Үйдене» су қоймасы халыққа өте қажет.

Қазір бөгенге жиналған сумен бар болғаны 10 мың гектардан астам алқап  суғарылады. Жер емген ел үшін тіршілік нәрінің тоқтаусыз келіп тұрғаны маңызды. Әйтпесе жаз бойы төккен тер еш кетеді, - дейді жүзім бақшасын баптап отырған шаруалар. Көпшілік таудан келген суға қарап отыр.

Нұргүл Құмарбек, Жүзім шаруашылығының жетекшісі:

- Су болмағаннан кейін өнім төмендейді. Бір жолғы судан қалса, өзіміз бір реткі тамақтан қалған секілді буының босайды ғой. Соған ұқсап жемісі азаяды, күйіп кетеді.

«Үйденені» жөндеу жұмыстары осыдан 10 жыл бұрын басталып, сол беті аяқсыз қалды. Мамандардың айтуынша, былтыр  жобалық сметалық құжатқа өзгертулер жасалғанымен сараптамадан өтпеген. Биыл бұл құжатты «Қазсушар» мекемесінің өкілдері өздері әзірлеуге кірісті. Мақұлданған жағдайда су қоймасын жаңғырту күзде басталмақ.

Дилара Жанболатова, «Қазсушар» РМК ОФ бөлім басшысы:

- Қазір «Қазсушар» мекемесімен жобалық-сметалық құжатқа түзетулер енгізіліп жатыр. Осы айдың соңында мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Егер ол жақтан қолдау тапса, қыркүйек айында құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауды көздеп отырмыз.

Бұдан бөлек Зайсанда Президент тапсырмасы бойынша «Кендірлік» су қоймасын салу жоспарланған. Тарбағатайда қаусап тұрған «Қандысу» гидротехникалық құрылғысына қатысты көпжылғы мәселе де шешілмек. Оны жөндеуге байланысты жобалық-сметалық құжат дайын. Енді қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов