Премьер-министр ХВҚ Қазақстан бойынша басшысымен кездесті

ҚР Үкіметінің ресми ақпараттық ресурсы

Премьер-министр Олжас Бектенов Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы Амина Ларешпен кездесіп, Қазақстан экономикасының орнықты даму мәселелерін талқылады.

Кездесуде экономикадағы соңғы үрдістер, қолға алынған реформалардың басымдықтары мен одан әрі даму перспективалары туралы қор сарапшылары жүргізген зерттеу қорытындысы қаралды. Премьер-министр серіктестіктің маңыздылығына тоқтала отырып, экономикалық саясатты жетілдірудегі сараптамалық сүйемелдеудің рөлін жоғары бағалады. Ал Халықаралық валюта қоры миссиясының Қазақстан бойынша басшысы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инфляциялық қысымды төмендету бойынша үкімет қабылдаған шаралардың маңыздылығын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша Олжас Бектенов Үкіметтің өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған сындарлы диалогқа ашық екенін жеткізді. Алдағы уақытта Халықаралық валюта қорының ұсыныстары салалық мемлекеттік органдарда қаралатынын  айтты.