Мемлекеттік активтерді басқарудың тиімділігі артып келеді

Елге қайтарылған қаржының 550 миллиард теңгеден астам сомасы денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, білім беру, спорт, көлік және энергетика салаларын дамытуға жұмсалып, 500-ге жуық әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба қаржыландырылды.

Осылайша, жаңа мектеп, ауруханалар мен спорт нысандары бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Бұған қоса, өткен жылы 900 мыңға тарта, ал биыл алғашқы 5 айда 600 мыңнан астам тәркіленген мүлік сатылымға шығарылып, одан түскен қаражат республикалық бюджетке және Арнайы мемлекеттік қорға аударылған. Бұл туралы бүгін Қаржы министрлігінің өкілі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекеттік активтерді басқарудың тиімділігін арттыруға баса мән беріліп отыр. Мәселен, мемлекеттік мүлікті меншіктің бір түрінен екіншісіне беру және жылжымайтын мүлікке құқық алу процестері автоматтандырылған. Бұл әкімшілік рәсімдердің орындалу мерзімін қысқартуға және олардың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  

Нұрмахан Әділбеков, ҚР Қаржы министрлігі комитетінің төрағасы:

- Биыл мемлекеттік активтерді басқарудың тиімділігін арттыру үшін атқарылатын жұмыстарды цифрландыру, мониторингті күшейту және активтерді экономикалық айналымға енгізуге басымдық беріледі. Біздің басты міндетіміз - әрбір мемлекеттік активтің ел экономикасына және азаматтарға барынша пайда әкелуін қамтамасыз ету.