Астанада Цзянсу провинциясының орталығы ашылды

Ол қытайлық компанияларға арналған бірыңғай сервистік хаб қызметін атқарады. Бұл туралы бас қалада өткен сауда-экономикалық ынтымақтастық форумында айтылды.

Жиынға Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастығы өкілдері қатысты. Форумда еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, Цзянсу провинциясының компанияларын жаңартылатын энергия көздері, электрондық сауда және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Іс-шараның маңызды нәтижелерінің бірі логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім болды. Атап айтқанда, Ақтау портында жаңа контейнерлік жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жоба «есіктен шекараға дейін» қағидаты бойынша құрылатын бірыңғай логистикалық тізбектің құрамдас бөлігіне айналады. Сондай-ақ тараптар Қазақстан экспортының құрылымын әртараптандыру жөнінде уағдаласты. Алдағы кезеңде Цзянсу провинциясына қазақстандық бидай, ет және бал өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту көзделіп отыр.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Мемлекеттеріміз басшыларының стратегиялық көзқарасы мен өзара сенімге негізделген саясатының арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық тұрақты экономикалық өсімнің және өңірлік өзара байланыстарды дамытудың маңызды факторы болып отыр. Бүгінде біз Цзянсу провинциясының кәсіпкерлерін өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік өңдеу, мұнай-газ химиясы және цифрлық технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамыз. Астанадағы Цзянсу орталығының ашылуы өзара тиімді серіктестіктің заңды жалғасы әрі жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастырудың тиімді құралы болады деп сенемін.