Балаларды ұлттық спортқа баулыған қария

Жетісу облысында жетпістің бел ортасынан асқан қария ауыл балаларын ұлттық спортқа баулып жүр. 

Көкпар тарту, теңге ілу және аударыспақты үйрету арқылы сан ғасырлық төл өнерімізді дәріптеуге үлес қосып келеді. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Жетісу облысының Жыланды ауылында тұратын Жұмағұл Өтешов есімді 75 жастағы азамат жарты ғасырдан бері ауыл балаларын ұлттық спортқа баулып жүр. Осы уақыт аралығында ол кісі талай буынның ат құлағында ойнап, ұлттық көкпар ойынының қыр-сырын меңгеруіне жол ашты. 

Ұзақ жылдар бойы шопыр, жылқышы болған Жұмағұл ақсақал көкпар туралы сағаттап айтуға бар. Өзі талай дүбірлі додада бақ сынап, олжалы оралған. Ұлтымыздың асыл мұрасы арқылы ауыл жастарын тәрбиелеуді мақсат еткен.

Жұмағұл Өтешов, Жыланды ауылының тұрғыны:

- Балаларды жастайынан атқа мінгізіп тәрбиелеген жақсы. Сонда бала мықты болады. Спортпен айналысқан балалар тәртіпті болады.  Бір біріне тартымды болады. 

Көкпарда жігіттің білек күші мен ептілігі сыналып, аттың бабы байқалады. Сондықтан тұлпардың шабысы мен мінезіне және әр баланың қарымына қарай өзіндік жоспар құрылады. Қазір ауыл балалары серкені тақымға басудың түр-түрін үйреніп, топ болып тартысуды меңгеріп жатыр.

Елжан Ерік, оқушы:

- Көкпар маған батырлығымен, жүректілігімен, ат үстінде тепе-теңдікті сақтай білуімен және жігіттікке тәрбиелейтін қасиетімен ұнайды. Бұл – біздің ұлттық спортымыз. Көкпар қайрат пен күш-жігерді оятады. Болашақта көкпарды одан әрі дамытқым келеді. Сондай-ақ ұлттық жарыстарға қатысып, биік жетістіктерге жетуді армандаймын.

Қария ат спортымен қатар дзюдо, самбо, қазақ күресін де меңгерген. 2018, 2022 және 2024 жылдары ардагерлер арасында Қазақстан чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді.

Жұмағұл Өтешов, Жыланды ауылының тұрғыны:

- Осы жаста күресіп жүргенім, балаларым артымдағы ұрпағым, артық болмас қазақ елі үлгі алса екен деймін. Өзім дайындаған шәкірттерді көре жүріп, жаңағы қуаныштан адам көңілі тоқ, қартаймайды екен. 

Советхан Омарғалиұлы, Лепсі спорт-интернаты директорының орынбасары:

- Сегіз қырлы бір сырлы деп артық айтқандық емес. Мынандай 75 жасқа келсе де әлі қарулы. Спортпен айналысқаны көрініп тұр. Бүгінгі өскен жастарға салауатты өмір салтын насихаттап жүрген ардагер азаматымыз. Осы кісінің шәкірттері көкпардың аламан додаларында атой салып жүр. 

Салауатты өмір салтын насихаттап, жастарға үлгі-өнеге болған Жұмағұл ата – ауыл-аймағына сыйлы азаматтардың бірі. Қайраты қайтпаған қария енді сексеннің сеңгіріне шыққанша балаларды ұлттық спортқа баулып, төл өнерімізді дамытуға үлес қосуды мақсат етіп отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов