Маңғыстаудағы ауыл мектебінде этноауыл ашылды
Маңғыстаудағы Ақшұқыр ауылында этнолагерь ашылды. Ерекшелігі сол, балалар құрақ құрау, қамшы өру секілді қолөнерді меңгеріп, ұлттық ойындарды үйренеді.
Туған жердің тау-тасын тереңірек тану үшін өлкедегі тарихи жерлерге саяхат жасайды. Жалпы биыл аймақта 160 мыңнан астам оқушы жазғы демалысын танымдық-сауықтыру лагерінде өткізеді деп жоспарланған.
Ақшұқыр мектеп-лицейінің ауласына бірнеше киіз үй тігілген. Әр отаудың өзіндік атауы бар. Мәселен, «Қолөнершілер» үйінде оқушы қыздар ұршық иіру, түйе жүнінен сырт киім, сырмақ-текемет және құрақ көрпе тігуді үйренеді. Жеткіншек ұлдар мал сойып, жіліктеу, сыйлы қонаққа табақ тартудың қыр-сырын меңгереді.
Сабина Телемесова, оқушы:
- Жеті ауылға бөлініп жатыр. Үйірмелері де күшті. Мен тоғызқұмалақ, домбыра тартуды үйрендім. Теңізге апарады, театр болады. Өте күшті.
Жұмагүл Жүсіпова, Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры:
- «Асыл мұра» лагерінде қазіргі таңда 250 бала демалып жатыр. Арнайы 15 топ құрылған болатын. Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында ұлттық нақыштағы 15 түрлі үйірме ұйымдастырылды. Ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында ұйымдастырып отырмыз.
Танымдық үйірмеден бос уақытта балалар тоғызқұмалақ ойнап, сабақ тартып, бой сергітеді. Ауыл ішінде атпен серуендеп, қазақ күресінен шаршы алаңда белдеседі. Асық ату, арқан тарту секілді ұлттық ойындар дене шынықтыру жаттығуы есебінде күнделікті өтеді. Бұл этноауыл – облыс мектептері арасында әзірге бірегей демалыс нысаны.
Орынгүл Мамутова, облыстық Білім басқармасының бас маманы:
- Облыста жазғы сауықтыру бойынша 245 лагерь қызмет атқарады. Ол жерде 160 мыңнан астам баланың демалуы жоспарланып отыр. Оның ішінде мектеп жанындағы 94 лагерьде 17 мыңнан астам, қала сыртындағы теңіз жағасындағы 6 лагерьде 11 мың 30 бала және де 145 кәсіптік лагерьде бала демалып жатыр.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Кәсіптік лагерьде балалар құрылыс, кескіндеме және дизайн, ІТ технология секілді еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық түрлерімен етене танысады. Ұстаздар осы арқылы оқушылардың еңбекке ерте араласуына бағыт-бағдар көрсетуді жоспарлайды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев