Елге зиянды жеміс-жидек жеткізгендерге айыппұл салынды

Жеміс-жидек, көкөніс пісті. Оңтүстік қана емес елдің өзге аумақтары да биылғы ризыққа кенеліп жатыр. Дегенмен қауіп те жоқ емес.

Биылдыққа елге сырттан келген 1200 тоннадан аса жеміс-жидек пен көкөністің зиянды екені анықталды. Фитосанитарлар бұл өнімдерді бірден залалсыздандыруға жіберген. Нарықтағы жеміс-жидектің басым бөлігі әсіресе қыс, көктемде шет елдерден келеді. Сырттан келген сол көл-көсір өнімнің, қауіпсіз болуы шарт. 

150 млн теңге. Елге зиянды жеміс-жидек немесе көкөніс жеткізуге тырысқан кәсіпкерлер осынша айыппұл төледі. Фитосанитарлар құқық бұзушылықты шекарада-ақ анықтайды. Жыл басынан бері 1200 дерек тіркелген. Бастапқы карантиндік фитобақылау, яғни құжат пен көлікті тексеру барысында күдікке ілінген өнім зертханалық бақылауға жіберіледі. Мәселен, тақауда залал расталып, Қытайдан келген 40 мың тонна сәбіз бен шабдалы экспорттаушы елге кері қайтарылды. Мамандар "зиянды өнім тасымалы азық-түлік қауіпсіздігіне кесірін тигізуі мүмкін" дейді.

Ризабек Әубәкіров, ҚР АШМ АӨК Мемлекеттік инспекция комитеті басқарма басшысының міндетін атқарушы:

- Карантиндік зертхананың қорытындысы бойынша егер де карантинді объектілер анықталса, өнім кері қайтарылуы тиіс немесе жойылуы тиіс немесе залалсыздандырады. Осындай шаралар қабылданады.

Жеміс-жидек маусымы басталды

Иә, жаз жеміс-жидек маусымы. Дәруменге толы пайдалы өнімді сатып аламыз, енді біріміз бақшада баптап өсіреміз. Десе де климатқа байланысты нарыққа импорт көп келеді. Жыл басында жидектерге сұраныс 13 есе өсіп, 400 тоннаға жуықтады. Қытай, Нидерланд, Ресей, Чили мен Перудің өнімін тұтындық. Ал мамырдан бері қазақстандықтар балғын жеміс-жидек іздей бастады. Астаналық кәсіпкерлер "бұл сұраныс қазан айына дейін жалғасады" дейді. Өйткені баға қолжетімді әрі табиғи өнімді молынан жеуге болады. Дәл қазір көрші Өзбекстаннан келген жемістің дәурені жүріп тұр. Баға жеткізілімге қарай өзгеріп отырады. Келген жүк көлігінің саны 10-нан асса, өнім құны тіптен арзандайды. Екі көлік келсе, қымбаттауы мүмкін. Дегенмен бұл нарықта бәсеке жоғары. Кішігірім жеміс-жидек дүкендері жабылып жатыр. Ал халық арзан өнімді емес, сапалы әрі дәмдісін сұрайды. 

Құралай Салыбай, кәсіпкер:

- Жүзімнің бағасы Қытайдан келу бағасы - 1980 тг, мұның ішінде үзілгендері де болады. Оны халық алмайды. Оның өзі бізге минус болып келеді. Сондықтан біз 20 процент қосамыз ба, қоспаймыз ба? Шіритіні бар, көгеретіні бар, 10 процент қалса да, соған рахмет дейміз. Ол өте ауыр бизнес. Тез бұзылады.

Жеміс-жидек арзандады

Қыстың қамын жазда ойлайтын халықпыз. Қыз-келіншектер нәрсу, яғни компот дайындауға кірісіп кетті. Шие, өрік, шабдалыны бірге алып жатыр. Шілдеде таңқурай мен қарақаттың маусымы басталады. Тосап қайнататындар да, әзірге асықпай отыр, өйткені бағаның сәлден кейін түсетінін біледі. "Қазір жеміс жидектің алды арзандады. Ал тамызға қарай тіптен төмендейді", - дейді кәсіпкерлер.

Құралай Салыбай, кәсіпкер:

- Жаздық баға толық өз орнына келген жоқ. Маусым айының соңында, шілде, тамызда баға өте төмен болады. Шабдалының бағасы 400-500 тг болады. Жүзімнің бағасы 600 теңгеге дейін түседі. Маусым енді басталып жатқаннан кейін 2000-нан басталды. Бүгін 1400-1500-ге ақырындап түсіп келеді. Маусым басталғанда және маусымның соңында баға көтеріледі.

Нарықта отандық қарбыз көбейді

Аптап ыстықта салқын қарбыз жегенге не жетсін. Бұл өнім дүкен сөрелерінде самсап тұр. Бұған дейін "дәрімен өсірілді ме" деген күдік басым болғаны рас. Қазір ол сейілді, өйткені өзіміздің қауын-қарбыз нарыққа шыға бастады. Қыс бойы қазақстандықтар Иранның қарбызын жеді, енді Өзбекстаннан, беріде Түркістаннан келіп жатыр. Әсіресе, түркістандық шаруалардың өнімі көл-көсір.

Айман Айтқұлова, сатушы:

- Біздің қауын-қарбыздарымыз сұранысқа ие. Нитратсыз қазір қауын-қарбыздарымыздың дәмі өте керемет. Қазір бізде Ташкент қаласынан келіп жатыр. Енді зауыттарымыз Қызылорда, Шымкент, Тараздан келеді. Маусым  енді басталып жатыр. Дәмі өте дәмді. О баста 550-600 теңгеден басталған, енді бағасы жәймендеп түсіп жатыр. 330 тг килограммы.

Жеміс-жидекті қайта өңдеу жолға қойылады

Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жеміс-көкөніс өнімдерін терең өңдеуге арналған технология әзірледі. Мұның маңызы зор. Елде жыл сайын 3,5 млн тонна өнім өндірілгенімен, оның 5%-ы ғана өңделеді. Ал сақтау кезіндегі шығындар 30%-дан асады. Консервіленген өнім нарығындағы импорт 80–85%-ға  жетіп отыр. Ғалымдар әзірлеген технология отандық өнім үлесін арттыруға сеп болмақ.