Атырауда 140 мың оқушы жазғы демалыспен қамтылады
Биыл Атырау облысында 140 мың оқушы жазғы демалыспен қамтылады.
Балалар лагерлерінде шығармашылық қабілетті дамытуға мән беріледі. Ұлттық құндылықты дәріптейтін және экологиялық бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді. Оқушылар робототехниканы да меңгеріп жатыр. Мектеп жанындағы лагерьлерде заманауи технологияларға қызығатын балалар үшін робототехника бағытындағы үйірмелер ашылды. Мұнда олар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, өз жобасын әзірлей алады.
Әлихан Аллаберген, оқушы:
- Мектебімізде «Робокидс» жас өнертапқыштар лагеріне қатысып, уақытымды тиімді өткізіп жатырмын. Мен робокидста білім-ойымды дамытып, әр түрлі роботтар құрастырып жатырмын.
Бейіндік лагерлерде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де ерекше көңіл бөлінді. Балалар киіз басу, кесте тігу сияқты дәстүрлі қолөнерді де меңгеріп жатыр.
Гүлнұр Ғалым, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
- Ұмыт болып бара жатқан ұлттық өнерімізді дамытып жатырмыз. Бұл үйірмеде оқушылар жүннен панно жасау және ши тоқу, шекелік жасау, ұлттық әшекейлер жасауды үйреніп жатыр. Бұл үйірмеге қатысу арқылы ұлттық құндылықты бойларына сіңіреді.
Жалпы өңір бойынша 140 мыңнан аса оқушы жазғы лагерьлерде демалады. Мектептердің жанындағы бейіндік лагерьлерде 12 бағыт бойынша үйірме жұмыс істеп тұр.
Бақтылы Нұржанова, №51 жалпы білім беретін орта мектеп директоры:
- Мұнда «формуладан нәтижеге дейін» математик балаларымызға арналған, робототехникаға арналған, химияның зертханаларын зерттеу, қосымша білім алу лагерьлері және сонымен бірге өнер лагері бар. Өнер лагерінде балалар қолөнерге үйренеді және музыка, ұлттық дәстүрімізді дәріптеу мақсатында құрылған лагерьлер бар.
Өңірде дәстүрлі лагерьлермен қатар шатырлы және киіз үй форматындағы демалыс орындары да ашылды. Табиғат аясындағы мұндай лагерьлерде балалар туристік дағдыларды меңгеріп, спорттық және экологиялық шараларға қатысады.
Қадыржан Сапаров, облыстық Білім басқармасының бас маманы:
- Шатырлы лагерьлер, көлі бар, табиғаты жақсы аудандарда орналасқан. Атап қайтқанда, Құрманғазы ауданында қалыптасқан шатырлы лагерьлер бойынша жақсы тәжірибе бар. Мұнда өлкетану, туристік бағыттағы балаларға маршруттар, сабақтар көрсетіледі. Ал киіз үй лагерьлері 10 мыңнан астам бала ұлттық тәрбие мен ұлттық қолөнермен, ұлттық тағамдармен, ұлттық спортпен айналысып, танысады.
Ресейдің Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологі» емдеу пансионатында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 1500 оқушы демалады. Қазір алғашқы топ аттанды. Тағы 1500 бала Индер және Махамбет аудандарындағы лагерьлерде болады. Мамандардың айтуынша, жазғы демалыс балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин