Түркі мемлекеттері ұйымының кілті Өзбекстанның Хиуа қаласына өтті
Түркі мемлекеттері ұйымының символикалық кілті Өзбекстанның Хиуа қаласына табысталды. Осылайша, Алматының «Түркі әлемінің жастар астанасы – 2025» мәртебесі ресми түрде аяқталды.
Жыл бойы Алматы түркі елдерінің жастарын біріктіретін маңызды алаңға айналды. Қалада жастар көшбасшылығы, кәсіпкерлік, волонтерлік қызмет, мәдениет пен білім салаларын қамтыған 50-ден аса халықаралық және республикалық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл жобалар жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және түркі халықтарының мәдени байланысын дамытуға мүмкіндік берді. Енді Хиуа қаласы 2026 жылы түркі жастарының басын қосатын негізгі орталықтардың біріне айналмақ.
Әзиз Қажденбек, Жастар саясаты басқармасының басшысы:
- Осындай іс-шаралар аясында біздің жастар халықаралық деңгейде ұйымдар ашады. Жаңа тәжірибе жинайды және Алматы қаласына жаңа жобалар алып келеді. Осы жыл аясында біздің жастар халықаралық экологиялық студенттік хаб ашылатын болды. Түркі елдерімен бірге студенттердің бір-бірімен алмасу тәжірибесі қабылданатын болды. Одан бөлек Хиуа қаласына Алматы қаласының үздік жобаларын алып баратын боламыз.