Ақмоладағы ауыл тұрғындары мал суаратын тоған үшін алаңдаулы

Ақмола облысындағы Сәуле ауылының тұрғындары мал суарып отырған жалғыз тоған жекеге өтіп кете ме деп алаңдайды.

Өйткені өткен айдың басында мұнда бір кәсіпкер келіп, қаз өсірумен айналыса бастаған. Қазіргі уақытта 700-ге жуық құс бағып отыр. Ауыл халық бұған наразылығын білдіріп, редакциямызға хабарласты.

Жаз басталғалы Сәуле ауылының тұрғындарынан маза қашқан. Өйткені ауыл шетіндегі мал су ішетін жалғыз тоғанға белгісіз кәсіпкер келіп, құс өсіру ісін қолға алған. Енді елді мекен тұрғындары төрт-түлігін қайда апарып суаратынын білмей дал. Тіпті осы тоғанға апарған күннің өзінде малға кесірі тиеме деп қорқады.

Қазбек Қалиев, Сәуле ауылының тұрғыны:

- Егер ол котловандағы суды былғаса, ертең жылқылар түсік тастауы мүмкін. Жылқылар уланады, тіпті өліп қалуы да ықтимал. Қаздың нәжісі жылқы сияқты қасиетті мал үшін өте зиянды. Сондықтан бұл — ауыл тұрғындарының жанайқайы.

Ауыл халқының дені малмен жан бағып отыр. Жергілікті қариялар төрт-түлікпен айналысуға мүмкіндік болмаса ауылда ешкім қалмай ма деп қауіптенеді.

Сайран Тілеукенов, Сәуле ауылының тұрғыны:

- Табыс көзі мал. Осы төрт түліктің төлін бағып, қағып, асырап сол халқымыз күн көріп жатырмыз. Мал жаятын жер болмаса ауылымызда мал ұстайтын адам да қалмайды ғой. Қаланың халқын кім асырайды.

Ел арасында «Діңгек» деп аталатын тоған ауылдан 15 шақырым қашықта орналасқан. Жергілікті халық мұнда жылқыларын жазғы уақытта суарады. Өйткені төңіректегі өзге су айдындары егіс алқаптарының ортасында қалған.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Даудың басы 2018 жылы басталған. Сол кезде-ақ кәсіпкер мың бас қаз әкеліп, осы жерде баққан. Кейін ауыл тұрғындары наразылығын білдіргесін кетіп, биыл қайта оралыпты. Қазір 600-ден астам қаз балапанын бағып отыр.

Жеке кәсіпкер болса осы уақытқа дейін қаз бағу үшін бірнеше рет жер телімін сұрағанын айтады. Алайда рұқсат ала алмаған. Кейін ауыл әкімімен сөйлесіп, ауызша келісімін алғанын алға тартады.

Жақсылық Азнабаев, жеке кәсіпкер:

- 2018 жылы ана жерде тұрдық. 2019 жылы мына жерде тұрдық. Ешкімге кедергі келтірген жоқпыз. Мен бұл жерге қаздарға арналған жазғы жайылым ұйымдастыруға бола ма деп сұраймын. Содан кейін күзде қаздарды алып кетемін. Мұның бәрі уақытша ғана ғой, бәрін жинап алып кетемін.

Бұл мәселеден жергілікті билік өкілдері де хабардар. Олар жақын арада тексеріс ашып, барлығын заң тұрғысында шешуге ниетті.

Ерсайын Сабыров, Біржан сал ауданы әкімінің орынбасары:

- Тексеріс ашу туралы хабарлама жіберді. Енді ол тіркелгеннен кейін келесі жұманың басында келіп, тексеріс жасап, мынау «өзін өзі басып алу» фактісін дәлелдеп, оған шарт қабылдап, айыппұл ма сосын хабарлама береді бұл мәселені жою үшін. Негізі бұл кісі де ешқандай құжатта жоқ пайдаланатын сол жерге тиімделетін құжаты да жоқ.

Осылайша, жауаптылар алдағы уақытта мәселе толығымен шешілетіндігіне сендірді. Алайда нақты қашан екенін дөп басып айта алмайды. Ал жергілікті халықтың әзірге күтуден басқа амалдары жоқ.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко