Павлодарда «азық-түлік» деген желеумен есірткі сатылды

Павлодар қаласында «азық-түлік» деген желеумен есірткі саудалаған күдіктіге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «24KZ».

Сот Алекперов пен оның екі сыбайласына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, З.Ф. Алекперовтің есірткі заттары қосылған көкнәр тұқымдарын азық-түлік өнімі ретінде көрсетіп, заңсыз өткізуді ұйымдастырғаны анықталған.

Қылмыстық схемаға күдіктінің жақын туыстары да қатысқан. Олардың арасында жеткізу, сақтау, буып-түю және өткізу міндеттері бөлінген.
Өнімдер басқа өңірден логистикалық компаниялар арқылы жеткізіліп отырған. Сату көкнәр тұқымы мен дәмдеуіштер ретінде жүзеге асырылған.

Тінту барысында есірткі заттары араластырылған көкнәр тұқымдарының буып-түйілген партиялары тәркіленді.

Қаражат қолма-қол ақша түрінде де, банк аударымдары арқылы да қабылданған.

Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушы екі автокөлік сатып алып, оларды жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген.

Автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді. Сондай-ақ құрамында есірткі заттары бар 321 келі көкнәр тұқымы жойылды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз