Қауіпті жүк: Қазақстаннан Қытайға уран тасымалдамақ болған 6 адамға үкім шықты

Фото: depositphotos.com

Жетісу облысында ядролық материалдармен заңсыз айналысу және оларды Қазақстан аумағынан контрабандалық жолмен шығару әрекеті бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды «24KZ».

Панфилов аудандық соты ядролық материалдармен заңсыз айналысу, оларды сақтау, тасымалдау және өткізу, контрабандаға оқталу, сондай-ақ қызметтік бабын пайдалана отырып жымқыру баптары бойынша айыпталған алты адамға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сотқа дейінгі тергеу мәліметтері бойынша, іске қатысушылар уран концентратын заңсыз иемденіп, кейін оны Қытайға шығару схемасын ұйымдастырған. Іс материалдарынан белгілі болғандай, топ алдын ала сөз байласу арқылы әрекет еткен. Бұл схема материалдарды өндіріс орнынан жасырын алып шығуды, оларды сақтауды, бірнеше адам арқылы тасымалдауды және мемлекеттік шекарадан өткізу әрекетін қамтыған.

Заңсыз әрекеттің жолы «Нұр Жолы» өткізу пунктінде кесілді. Шекаралық бақылау кезінде радиоактивті заттар табылды. Жүргізілген сараптама тәркіленген заттың уран концентраты екенін және оның радиоактивті белсенділік деңгейі белгіленген нормалардан бірнеше есе жоғары екенін анықтады.

Сот үш сотталушыны кінәлі деп танып, олардың әрқайсысына 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Тағы екі адам 2 жыл 6 айға, ал бір айыпталушы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Сотталғандардың барлығы жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз