«Меккеге Құдайдан кешірім сұрау үшін бардым»: Сәрсемәлиев сотта күтпеген мәлімдеме жасады

Фото: коллаж politico.kz

Атырауда төрт адамның өліміне қатысты іс бойынша сот алдында жауап беріп жатқан Сұлтан Сәрсемәлиев қылмыстан кейін Қазақстаннан кетіп, алдымен Түркияға, кейін Меккеге барғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

“Меккеге Құдайдан кешірім сұрау үшін бардым” - төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев сотта осылай мәлімдеді.

Оның айтуынша, қылмыстан кейін Қазақстаннан кетіп, Түркия арқылы Сауд Арабиясына барып, Алладан кешірім сұраған. Кейін елге оралған.

«Мен Түркияға қашуға шешім қабылдадым. Жасырынамын деген ой болған жоқ. Тек Алладан кешірім сұрағым келді. Не істегенімді жақсы түсіндім. 10 қарашадан кейін Түркия арқылы Меккеге бардым. Онда шамамен он күндей жалғыз болдым. Сол жерде өз-өзіме қол жұмсау туралы да ой келді. Себебі мені бұл әрекетім үшін Алладан басқа ешкім түсіне алмайды деп ойладым. Бірақ меніңше, олардың да кінәсі болды. Мен оларды себепсіз өлтірген жоқпын», – деді ол.

Сотта айыпталушы жасаған әрекеті үшін өкінетінін айтқанымен, қаза тапқандардың өздерін де кінәлауға тырысты. Оның сөзінше, олар отбасылық өміріне араласып, өзін қорлаған.

Сәрсемәлиев төрт адамды аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталып отыр. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.