Бурабайға келетін туристер саны 2 млн-ға жетеді

Биыл Бурабайға шамамен екі миллионға жуық адам саяхаттап келеді деген жоспар бар. Сәйкесінше ондағы демалыс орындарының қызметі 20-25 пайызға қымбаттады.

Бірақ туристер көбеймесе, азайған жоқ.  Жергілікті билік бағаны бақылай алмайды. Бизнестің өз заңы бар, - дейді жауаптылар.

Арқада Бурабайға жер жетпейді. Осынау көрікті өлкенің тылсым табиғаты, ну қарағайлы орманы, өзен-көлдері, қатпарлы жартастары, оқ жетпейпін Оқжетпен, мына тұрған сырлы Жұмбақтас. Осының барлығы көз алдыңа небір бейнені елестетеді. Осынау таң-тамаша табиғатты көру үшін жылына мұнда миллиондаған турист келеді. Мәселен, тек өткен жылдың өзінде Бурабайға бір жарым миллион адам саяхаттап келген.

Бұл Бурабайдағы туристер көп келетін демалыс орындарының бірі. Бір мезетте 100-ге жуық адамды қабылдай алады. Биыл демалыс орнындағы қызмет бағасы 25 пайызға қымбаттады. Бағаның өсуіне бірнеше себеп бар дейді,- демалыс орнының құрылтайшысы. Айтуынша, өңірде демалыс маусымы ұзаққа созылмайды. Жылы, қолайлы күндер аз. Сондықтан демалысты ұйымдастыруға жұмсалған шығын кейде өзін ақтамайды.

Рахметолла Нұғыманов, демалыс орнының құрылтайшысы:

- Түрлі фактор көп. Климаттың өзі бізде + 50, - 50. 100 градус айырмашылық бар. Жол қарым-қатынасы. Қыстың кезінде  жауын-шашын, жаңбыр, қар, боран кезінде жол қатынасы мүлдем болмайды. Осындай факторлар әсерін тигізеді. Жеп отырған тамақтың бәрі тасымал. Ол да әсер етеді.

Бағаның өскенін туристер де байқаған. Көбі қымбат қонақ үйлерге бас сұқпайды. Тек таза ауамен тыныстап, орманды аралап қайтады.

Сенім Омар, турист:

- Бағасы қымбат. Бірақ қымбаттау болса да көрікті жерлері көп. Сол үшін де қымбат болады деп ойлаймын.

Айнұр Сұлтанова, турист:

- Біз экономдап көлік және велосипедпен келдік. Бағасы қымбаты да, тиімді бағалары да бар.

Жұман Мұстафин, турист:

- Бұл жерде әркімнің қалтасына мүмкіндік бар ғой. Пикник жасауға да болады. Қымбат қонақүйде  жатам десе де болады. Таңертең не кешке келем десе де болады.

Бурабайда 200-ден астам демалыс орны бар. Нарықтың құбылуы мен сұранысқа қарай, бағаны өздері бекітеді. Бұл бизнесті қадағалай алмаймыз, - дейді жергілікті билік өкілдері. Таңдау жасау туристің өз еркінде. Әркім қалтасына қарай, демалыс орнын таңдайды.

Арай Садықов, Бурабай ауданының әкімі:

- 25 мыңнан басталады. Кейбіреулері 100 мыңнан. Оны адам өзі таңдайды. Біз бәсекелестік ортаны шығаруымыз керек. Оның қасына басқа қонақүйлер салып, олар бәсекелестік есебінен бағаны түсіру керек. Әр бизнеске кіріп бағаны түсір деп айта алмаймыз.

Осылайша, баға саясаты бәсекелестік күшейгенде ғана реттелмек. Бұдан бөлек, курортты аймақта автотұрақ мәселесі де өзекті. Өйткені, демалыс күндері мұнда 15 мыңға дейін жеңіл көлік келеді,-дейді мамандар. Осыған байланысты былтыр 500 орынға арналған автотұрақ пайдалануға берілді. Биыл оны кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко