Атырау облысында полицейлер көлік кептелісінде толғағы қысқан әйелді құтқарды
Жылыой ауданында патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында толғағы қысқан жүкті әйел перзентханаға дер кезінде жеткізіліп, аман-есен босанды, деп хабарлайды «24KZ».
Оқиға 16 маусым күні жол қозғалысы қарқын алып, көлік кептелісі қалыптасқан уақытта болған.
Кептелісте тұрған жүргізуші патрульдік полиция қызметкерлерінен көмек сұрап, көлікте толғағы қысқан жұбайының отырғанын хабарлаған. Жағдайдың шұғыл екенін ескерген полиция қызметкерлері Ильяс Аблаев пен Ринат Наурызұлы уақыт жоғалтпай әрекет етіп, қызметтік автокөлікпен алып жүрді.
Соның нәтижесінде жүкті әйел перзентханаға дер кезінде жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды. Көп ұзамай жас ана аман-есен босанып, қыз баланы дүниеге әкелді. Қазіргі уақытта ана мен нәрестенің жағдайы жақсы.
Отбасы мүшелері қиын сәтте жедел көмек көрсеткен тәртіп сақшыларына шынайы алғыстарын білдірді.
Бұл – Атырау облысында полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен жедел әрекетінің арқасында сәтті аяқталған кезекті оқиға. Жалпы, жыл басынан бері өңірде жүкті әйелдерді перзентханаға шұғыл жеткізуге байланысты 17 жағдай тіркелген. Полиция қызметкерлерінің дер кезінде көрсеткен көмегінің нәтижесінде 11 қыз және 6 ұл сәби аман-есен дүние есігін ашқан.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз