Түнде терезе ашпаңыз: Астанада масаларға қарсы дезинсекциялық жұмыс басталды

Фото: gov.kz

Астанада масаларға қарсы дезинсекциялық жұмыстың үшінші кезеңі басталды, деп хабарлайды «24KZ».

Астана әкімдігінің мәліметінше, 16 маусымнан бастап қаланың орталық бөлігінде жаппай өңдеу басталды. Кейін масаларды шеткі аудандарға қуып, олардың қайта таралуына жол бермеу шаралары жүргізіледі. Маусым басталғалы бері елорданың 26 мың гектар аумағы өңделген.

Жұмыс түнгі уақытта, сағат 21:00-ден таңғы 04:00-ге дейін жүргізіледі. Әр кезең 20 күнге созылады.

Жалпы дезинсекциялық науқан алты кезеңнен тұрады. Масалар табиғи экожүйенің бір бөлігі болғандықтан, оларды толық жою мақсаты қойылмаған. Алайда жүргізіліп жатқан жұмыс олардың санын 90 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Қала аумағын өңдеуге механикалық роторлы бүріккіштер, арнайы техникалар, қамыс басқан және жетуі қиын аумақтарға арналған квадрокоптерлер, сондай-ақ ірі су айдындарында арнайы жабдықталған қайықтар пайдаланылады.

Дезинсекциялық жұмысқа арнайы дайындықтан өткен және қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамадан өткен 150-ден астам маман жұмылдырылған.

Сонымен қатар тұрғын үйлерге қызмет көрсететін басқарушы компаниялар, ПИК пен МИБ, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт ұйымдары, құрылыс нысандары, базарлар мен сауда орталықтары жертөлелерді тазалап, құрғатып, қосымша өңдеу жүргізуі тиіс.

Мамандар дезинсекциялық жұмыс кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Өңдеу жүргізіліп жатқан аумақтарға бармаған жөн, сол сияқты терезелерді жауып қою қажет.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз