БҰҰ: әлемде ауыл шаруашылығы өнімдерінің 40 пайызы жойылады
Әлемде жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің 40 пайызы жойылады. Бұл БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының дерегі.
Бұған өсімдік аурулары мен зиянкестер себеп. Сарапшылар екеуінен жаһандық экономикаға келетін шығынды 290 млрд долларға бағалап отыр. Әлем елдері зиянкестер мен өсімдік ауруларынан қалай қорғанады?
Әлемдік нарықта бидай бағасы биыл сәуір айынан бері үздіксіз өсіп келеді. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда бес пайызға қымбат. Оған бір шетінен ірі астық державалары Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс, екіншіден Таяу Шығыстағы жағдай себеп. Ормуз бұғазы жабылғалы әлемдік нарықта тыңайтқыш бағасы 20-30 пайызға қымбаттады. Бұл жаһан бойынша егіннің түсіміне кері әсер етуі мүмкін.
Цюй Дунъюй, БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры:
- Тыңайтқыштарды шашып, қолданудың белгілі бір уақыты бар. Шаруалар сол мерзімнен кешіксе, құрғақшылық пен өсімдік ауруларынан қорғану қиындайды. Ормуз бұғазының жабылуынан туындаған тыңайтқыш тапшылығы биыл күзде және қыста, сондай-ақ алдағы жылы да мол астық алуға кері әсер етеді. Сондықтан тыңайтқыштарды өзге елдерден тасымалдаудың жолдарын қарастыру қажет.
Бұдан бөлек, азық-түлік қауіпсіздігіне әлемдегі климаттың қолайсыздығы да әсер етіп отыр. Өйткені ол зиянкестердің көбеюіне әкелді. Алысқа ұзамай-ақ іргедегі Өзбекстанды алайық. Өткен айда бұл елдің оңтүстік өңірлерінде марокколық шегірткелер қаптаған еді. Осы ретте өсімдікті қорғайтын заманауи құралдарды мақсатты қолдану маңызды.
Мәселен, британиялық ғалымдар өсімдіктің 7 млн түрін цифрлық форматқа көшірді. «Бұл деректер өсімдік аурулары мен зиянкестердің таралуын бақылауға және климат өзгерісінің қоршаған ортаға әсерін бағалауға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.
Александр Антонелли, Корольдік ботаникалық бақтары орталығының директоры:
- Жасанды интеллект арқылы 7 миллионнан аса үлгіні талдап, кейінгі жүз жылда өсімдіктердің гүлдеу мерзімі әр он жыл сайын орта есеппен екі жарым күнге өзгергенін анықтадық. Ал бұл аралар мен басқа да тозаңдандырғыш жәндіктердің тіршілігін әсер етеді. Табиғи тепе-теңдік бұзылса, өнімнің бітік шығуы да қиындайды.
Яғни фитосанитарлық бақылау тек ауыл шаруашылығы саласының ғана емес, бүкіл әлемдегі азық-түлік жүйесінің маңызды мәселесіне айналып отыр. Өйткені БҰҰ-ның дерегі бойынша, кей елдерде егін алқаптарының қысқаруы биылдың өзінде 110 млн адамды ашаршылыққа ұрындыруы мүмкін.
Авторы: Зайнұр Байжігіт