Көпбалалы отбасыларға 252 млрд теңге жәрдемақы берілді
Биылғы бес айдың бедерінде көп балалы отбасыларға 252 млрд теңге жәрдемақы бірілді.
Елде мұндай мемлекет мезіретін алатын 634 мыңнан астам жанұя бар. Бұл жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары мәлімдеді. Сол секілді әлеуметтік әлеуеті аз топтар үшін елде бас-аяғы бес көмек түрі қарастырылған. Биыл халықты қолдауға қазынадан 975 млрд теңге бөлінді.
Алтынжан Маясарова, ҚР ЕХӘҚМ атаулы әлеуметтік көмек басқармасының басшысы:
- Көп балалы аналардың абыройы мен беделін арттыру мақсатында 20-шы жылдан бастап жәрдемақы тағайындалып келе жатыр. Жәрдемақы көлемі отбасыдағы тәрбиеленіп отырған балалардың санына байланысты сараланған. Орта есеппен әр балаға 4АЕК мөлшерінде тиесілі. Бұл жәрдемақы 18 жасқа дейін балаға тағайындалады. Егер бала ЖОО оқитын болса, 23 жасқа толғанға дейін тағайындалады.
Төрт бала тәрбиелеп отырған отбасыларға 69 мың, бес баласы барларға 86 мың, ал алты перзентті бағып отырған жанұяларға 104 мың, жеті бала үшін 120 мың теңге беріледі. Сондай-ақ сегіз және одан көп баласы бар отбасылар үшін әр перзентіне 17 мың теңгеден көмек беріледі.