Қазақстанда бала тууға және күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгереді
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бала тууға және оның күтіміне байланысты берілетін жекелеген бюджеттік жәрдемақыларды тағайындау тәртібі өзгереді. Енді төлемдердің кейбір түрін тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік әл-ауқаты ескеріледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Министрліктің түсіндіруінше, бала тууына байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы C, D және E санатындағы отбасыларға тағайындалады. Ал жұмыс істемейтін ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін бюджеттік жәрдемақы мұқтаждық өлшемшарттарына сәйкес төленеді. А және В санатындағы, яғни әл-ауқаты жоғары отбасыларға бұл төлемдер берілмейді.
Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы төленетін әлеуметтік төлемдерге қатысты тәртіп бөлек. Атап айтқанда, жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем отбасының әл-ауқат санатына қарамастан, заңнамада белгіленген талаптар орындалып, төлем алуға құқық болған жағдайда тағайындалады.
Сондай-ақ ұсынылған мәліметтерге сәйкес, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне кемінде екі жыл қатысқаны расталған әйелдерге бала күтіміне байланысты МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлем отбасының әл-ауқат санатына қарамастан толық көлемде беріледі.
Осылайша, жаңа тәртіп жекелеген бюджеттік жәрдемақыларға қатысты болады. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен төленетін әлеуметтік төлемдер заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес тағайындала береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз