БҚО-да ауыл әкімі қызметінен қуылды
Батыс Қазақстан облысында алкогольді ішімдік ішіп, рөлге отырған әкім қызметінен шеттетіледі.
Мәселені Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департаменттің Әдеп кеңесі қарады. Заңбұзушылық көктемде тіркеліпті. Ащы су ішті деп танылған Чапаев ауылының әкімі қызметтік көлікті өзі тізгіндеген. Тәртіп сақшылары әкімді 15 тәулікке қамап, 7 жылға көлік жүргізу құқынан айырған. Мемлекеттік қызметші жарты айдан кейін босап шығып, әкімдік қызметін жалғастыра берген. Мемлекеттік қызмет істері департаменті әкімшілік құқық бұзушылықты сот шешімдеріне мониторинг жасау кезінде анықтады.
Мұрат Байсалов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департамент басшысы:
- Аталған тұлға тәртіптік жазасы бола тұра, Әдеп кодексінің талаптарын сақтамай, олардың бұзылуына жол берген. Осыған байланысты оның мәселесі бүгін Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Кеңес қорытындысы бойынша аталған тұлғаны қызметінен босату туралы шешім қабылданды.