Өндірісті ғылыммен ұштастыру – табыс кепілі
Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті бизнес өкілдерімен тығыз байланыс орнатып, ғылымның соңғы жаңалықтарын кәсіпкерлермен үнемі бөлісіп келеді.
Оқу орнында бүгін өткен «Технологиялар. Инвестициялар. Әріптестік» атты ғылыми-технологиялық семинарға қаржы институттары мен ауылшаруашылық құрылымдарының өкілдері қатысты. Ғылым мен бизнестің әріптестігін нығайту жайы талқыланды.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ауылшаруашылық саласына білікті маман даярлайтын өңірдегі іргелі оқу орны. Университет ұжымы бизнес пен мемлекеттік сектор арасындағы әріптестікті арттырып, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуде ілкімді істер атқарып келеді. Бүгінгі іс-шара барысында да тың технологиялар таныстырылды.
Асқар Наметов, БҚАТУ ректоры:
- Біздің негізгі мақсатымыз – стартаптарға арналған жаңа технологияларды зерттеп, әзірлеу және оларды бизнес компанияларға ұсыну. Сонымен қатар малдың өнімділігін арттыруға және зауыттарда өндірілетін жаңа инновациялық өнімдерді енгізуге бағытталған ауқымды жобаларды бизнес өкілдеріне ұсынамыз. Соңғы екі-үш жылдың ішінде бізде тоғыз жаңа зертхана ашылды. Бұл зертханалар ғылыми зерттеулерді дамытуға және инновациялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік беріп отыр.
Орал өңірі – индустриялық және аграрлық әлеуеті жоғары өңір. Соңғы үш жылда негізгі капиталға шамамен 2,3 триллион теңге инвестиция тартылған. Бүгінгі семинарға қатысқан облыс басшылығы экономикалық өсімнің жаңа сапалы кезеңіне өтуде отандық ғылымның әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызына тоқталды.
Қалияр Айтмұхамбетов, БҚО әкімінің орынбасары:
- Осы маңызды міндеттерді жүзеге асыру жолында ғылым, бизнес және мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру ерекше маңызға ие. Бүгінгі семинар дәл осы мақсатқа қызмет ететін тиімді диалог алаңы болып табылады. Ғылым мен бизнестің өзара тиімді әріптестігі жаңа өндірістердің ашылуына және экономиканың тұрақты өсіміне жол ашады.
Семинар жұмысына ұлттық даму институттарының өкілдері, қаржы ұйымдары қатысты. Серіктестік байланыстар орнатуға бағытталған кездесулер мен келіссөздер өткізілді.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов