Биылғы түлектер қандай мамандық таңдайды?

Оқушылар мектеп бітіріп, аттестат алып жатыр. Биыл 215 мыңнан астам түлек үлкен өмірге қадам басады. Олардың алдағы жолы, тіпті тағдыры осы жолайырықтан басталады.

Себебі әрқайсы алдына мақсат қойып, мамандық таңдауға тиіс. Сөйтіп кім қандай мамандық таңдады?! Ал еңбек нарығындағы сұраныс қандай? 

Қазір жастар арасында педагогика, психология, ақпараттық технологиялар және инженерлік бағыттарға қызығушылық жоғары. Сәулет, дизайн, журналистика және биотехнология мамандықтарына да сұраныс басым. Сарапшылар мұны цифрлық технологиялардың қарқынды дамуымен байланыстырады.

Бүгінде білім беру гранттарының 60 пайызы инженерлік мамандықтарға тиесілі. Яғни атом, жылу энергетика, су ресурстары сынды салаларға басымдық беріледі. Қазір елде жалпы 8 мыңнан астам білім беру бағдарламасы бар. Жоғары оқу орындары еңбек нарығының жаңа талаптарына сай оларды қайта қарап жатыр. Министрлік өкілдерінің айтуынша, 2027 жылға дейін білім беру бағдарламалары кезең-кезеңімен жаңартылады. Бүгінде цифрлық технологиялар денсаулық сақтау, банк және қаржы секторларында кеңінен қолданылып жатыр. Сондықтан айти салада білікті кадрларға сұраныс артқан.

Жанна Есенбаева, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары:

- Белгілі бір қайталана беретін жұмысты атқаратын салада автоматизация үдерісі қатты жүріп жатыр. Осы салаларға сол мамандар қажет. Бухгалтерлік есеп болсын, аудит болсын. ІТ шешімдерінің архитекторы деген маман қажет болып жатыр. Архитектура саласында кейбір мамандықтар өзгереді. Тілді оқыту саласын алатын болсақ, шет тіл мұғалімдері, қазір аударма ісі деп аталса, болашақта смарт лингвитстика сияқты білім беру бағдарламаларына трансформацияланады.

Биыл колледж бітірушілері мен мектепті өткен жылы тәмамдаған түлектерді қосқанда 240 мыңға жуық талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып жатыр. Мамандардың айтуынша, өтініштер саны былтырмен салыстырғанда 47 мыңға көп. Тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады.

Наужан Дидарбекова, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:

- Біз ҰБТ-ның 5 аптасын қорытындылап, аралық қорытынды жарияладық. Соның нәтижесі бойынша 67 пайыз түлектер шекті балл жинады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бірқалыпты деңгейде. Қазір ел бойынша ҰБТ нәтижесі бойынша 140 балл жинаған бір түлек бар.

Ал оқуын тәмамдап, қолына диплом алған жас мамандар үшін де мүмкіндік мол. "Дипломмен - ауылға" бағдарламасына биыл 25 млрд теңге бөлініп отыр. Бағдарлама аясында біржолғы жәрдемақы, тұрғын үй сатып алуға несие беріледі. Қаражат ауылдарда кадр тапшылығын азайтып, 2,5 мыңнан астам маманды жұмыспен қамтуға бағытталған. Жобаға архив ісі мен IT мамандықтары да қосылды.

Мағжан Советов,  ҚР ҰЭМ Өңірлерді талдау және өзін-өзі жергілікті басқаруды дамыту департаментінің бас сарапшысы:

- Оңтүстік өңірлерде сұраныс көп. Халықтың орналасуы тығыз болғандықтан сол өңірлерде әлеуметтік салалар, медицина, білім саласы салаларынан сұраныс көп. Көбінесе топ 3 сала: білім беру, денсаулық сақтау және агроөнеркәсіптік кешен. Осы үш саланы айтуға болады.

Айта кеткен жөн, бүгінде елдегі жас мамандардың жұмысқа орналасу көрсеткіші 75 пайыз. Қазір 76 жоғары оқу орнында дуалды білім беру жүйесі енгізілген. 50 мыңнан астам студент осы бағдарлама шеңберінде білім алып жатыр. Оқыту процесінің басым бөлігі кәсіпорын базасында өтеді.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Мерей Мұратханқызы, Диас Ковланбаев, Мерей Талап