Ақмола облысында 600 шақырым жол жөнделіп жатыр

Ақмола облысында республикалық маңызы бар «Макинск-Ақсу-Торғай» тасжолы жөнделіп жатыр. Жоба бойынша ұзындығы 240 шақырым болатын жолдың 100 шақырымына асфальт төселеді.

Бұдан бөлек кейбір учаскелерге су өткізу құбырлары да орнатылған. Талай жылдан бері тозған тасжолды жаңартуға ел қазынасынан 10 миллиардтан астам теңге бөлінді. 

Бұл «Макинск-Ақсу-Торғай» тасжолы. Қазір мұнда көріп тұрғандарыңыздай жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бүгінге дейін жолдың жартысына асфальт төселген. Айта кетейік, осы уақытқа дейін күре жолдың бойында орналасқан бірнеше елдімекен тұрғындары тиіп тұрған Степногорск қаласына айналма жолмен баруға мәжбүр еді. Енді тіке жолмен қатынай алады.

Иә, аталған бағытта Макинск қаласынан Степногорскке төте жолмен жетуге болады. Айналма жолмен салыстырғанда 40 шақырымға қысқа, әрі ақылы емес. Соңғы рет мұнда күрделі жөндеу жұмыстары 20 жыл бұрын жүргізілген. Сондықтан жергілікті  тұрғындар жол құрылысын асыға күткенін айтады.

Ермұрат Қойшыбай, Мамай ауылының тұрғыны:                       

- Бұл жолды күткенімізге біраз уақыт болды. Өйткені көп уақыт жөндеу көрмеген. Шұрық-тесік, әрі бері өткен сайын, аудан орталығына қатынау үшін де өте қиын.

Жол азабын әсіресе жол бойындағы елдімекен тұрғындары тартып келді. Нашар күйде болса да, амалсыздан осы жолмен жүретін. Себебі бұл облыс, аудан орталығына апаратын жалғыз бағыт. 

Көпжасар Батырғожин, Бірсуат ауылының тұрғыны:

- Жол өте нашар болды. Қыстыгүні жүруге болмайды. Жазды күні ол шұңқыр-шұңқыр. Біз жазғы жолды таңдап, сонымен жүретінбіз. Шаң, топырақ. Көп бейнет көрдік.

Енді халықтың көп жылғы бейнеті артта қалды. Қазір жол екі жобаға бөлініп жөнделіп жатыр. Жыл соңына дейін толық қолданысқа берілмек.

Қайнетолла Қабденов, Техникалық қадағалау инженері:

- Жұмыс график бойынша келе жатыр. Тамыздың соңына дейін бітіру керек. Сапасы өте жақсы. Екі зертхана келіп, сапасын қарайды. Нормативке келіп тұр.

Жалпы биыл өңір бойынша 600 шақырым жол жөнделеді. Құрылыс жұмыстарына шамамен 75 млрд теңге бөлініп отыр.

Владимир Кулаков, Жолаушылар тасымалы және автожолдар басқармасының басшысы:

- Оның ішінде 55 млрд теңге республикалық маңызы бар жолдар. 20 млрд теңге жергілікті маңызы бар жолдар. Республикалықты алсақ, үлкен жобалар ол Есіл-Державинск арасындағы жолдар, Макинск-Ақсу-Торғай, Көкшетау-Зеренді, Жақсы-Есіл-Бұзылық және басқа да жолдар жасалуда.

Соңғы үш жылда аймақта тек жергілікті маңызға ие екі жарым мың шақырым жол жаңартылды.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко