Шымкентте қала күніне орай бірқатар әлеуметтік нысан қолданысқа берілді
Шымкентте қала күніне орай бірқатар әлеуметтік және қоғамдық нысан қолданысқа берілді.
Мегаполис инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жаңа мәдениет үйі, гүлдер аллеясы және аумағы 4 гектардан асатын заманауи саябақ бой көтерді. Әлеуметтік маңызы бар жобалардың ашылу салтанатына шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков пен жергілікті тұрғындар қатысты.
Қала іргесіндегі Текесу тұрғын алабында халықтың көптен күткен өтініші орындалып, заманауи мәдениет үйі есігін айқара ашты. Шаһар басшысының тұрғындармен кездесуінде көтерілген бұл мәселеге демеушілер қолдау көрсетті. Нәтижесінде жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдай жасалды.
Жания Исақ, қала тұрғыны:
- Жаңадан мәдениет үйі ашылғанына өте қуаныштымыз. Өзіміздің бос уақытымызды тиімді өткізетін боламыз. Ғимарат өте әдемі. Заманауи.
Қала күніне орай Астана даңғылының бойынан жаңа «Гүлдер аллеясы» пайдалануға берілді. Бірыңғай сәулет үлгісіндегі заманауи павильондар қала ажарын кіргізіп қана қоймай, ыңғайлы сауда-саттық жасауға жол ашады.
Ермек Тұрманов, қалалық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының басшысы:
- Халық тұтынатын кезде біледі қайда бару керектігін. Ассортимент бар. 3 мың шаршы метрге 55 павильон орналасқан. Барлығы бір жерге шоғырланып, бір жерде сатқандықтан олар бәсекеге қабілетті болады.
Шаһардағы ірі демалыс орындарының бірі «Shym City» саябағының үшінші кезеңі аяқталды. Жоба аясында жаңадан қосылған 4,2 гектар аумақ толығымен абаттандырылып, жасыл желекке бөленді.
Бұхарбай Парманов, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы:
- Көріп жатырсыздар жас балаларға көптеген ойын алаңшалар ашылып жатыр. Бұның барлығы заман талабына сай. Сонымен қатар тұрғындардың сұранысына сай жасалып жатқан дүние. Абаттандыруы бар, суарып, қарауы бар. Жалпы күтіп баптау жұмысының барлығы Жайлы орта басқармасына беріледі.
Жалпы қала күні қарсаңында қолданысқа берілген бұл нысандар мегаполистің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарта отырып, тұрғындар үшін жайлы орта сыйлайды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов