Жолға қоқыс тастайтындар жарияланды

Республикалық маңызы бар тасжолдарды жөндеуге, қауіпсіздікті арттыруға немесе жол бойындағы сервисті дамытуға жұмсалуы тиіс қыруар қаражат кейбір жүргізушілер мен жолаушылардың жауапсыздығы салдарынан қоқыс тазалауға кетіп жатыр. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Компания таратқан бейнежазбалардан адамдардың тұрмыстық қалдықтарды көліктен тікелей жол жиегіне лақтырып жіберетінін, демалыс орындарын ластап, белгіленбеген жерлерде темекі шегетінін анық көруге болады. Жол қызметкерлері күн сайын ауа райының қолайсыздығына қарамастан, трасса бойын, санитарлық аймақтар мен әжетханаларды тазалаумен айналысады.

Ұлттық компания мамандарының сөзінше, қазіргі таңда жол бойындағы контейнерлердің мақсатсыз қолданылуы үлкен мәселеге айналған.

Жүргізушілер мен жақын маңдағы тұрғындар бұл жәшіктерге тек жол-жөнекей шыққан қоқысты емес, үйдің құрылыс қалдықтарын, тіпті малдың өлекселерін әкеліп тастайтын жағдайлар жиілеп кеткен.

Ең қызығы, республикалық тасжолдар мен демалыс алаңдарының сапасына дәл осы жол қолданушылардың өздері жиі шағымданады. Алайда, сол жерлердің тазалығын сақтауға келгенде жауапкершіліктен қашады. Ал жол жұмысшылары күн сайын, ыстықта да, суықта да тазалықты сақтау үшін бел жазбай еңбек етуде, -  делінген хабарламада.

 

Компания республикалық трассалар мен оның бойындағы инфрақұрылымдардың барлығы мемлекеттік меншік, яғни ортақ мүлік екенін тағы бір мәрте ескертіп, барша жүргізушілер мен жолаушыларды қарапайым мәдениеттілік ережелерін сақтауға шақырады: жолға қоқыс тастамауға, әжетханаларды мақсатына сай пайдалануға және қоршаған ортаға, өзгелердің еңбегіне құрметпен қарауға үндейді.