Шахтинскіде екі жұмысшы кәріз шұңқырына құлап кетті
Қарағанды облысының Шахтинск қаласында көше тазалау жұмыстарын жүргізу кезінде екі ер адам кәріз шұңқырына құлап кеткен, деп хабарлайды «24KZ».
Оқиға Парковая көшесіндегі дүкен маңында болған. 1957 және 1960 жылы туған жұмысшылар шұңқырдан өздігінен шыға алмаған.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен азаматтарды сыртқа шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Зардап шеккендер Шахтинск қаласының орталық ауруханасына жеткізілді.
ТЖМ мәліметінше, қазіргі уақытта олар дәрігерлердің бақылауында. Мамандар мұндай жағдайларда септик ішіндегі улы газдардан улану немесе құлау салдарынан жарақат алу қаупі жоғары екенін ескертеді.