З. Дүйсенбеков атындағы аудитория ашылды

Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Ұлттық ғылым академиясының академигі, көрнекті ғалым, Баянауыл өлкесінің тумасы Зайролла Дүйсенбековтің есімі берілген жаңа аудитория пайдалануға берілді.

Бұл оқу залында ауыл шаруашылығы факультетінің студенттері лекция тыңдап, профессордың іргелі ғылыми еңбектерін терең меңгеруге мүмкіндік алады. Академик Дүйсенбеков – отандық егіншілік саласына сандық технологияларды енгізуге, жер ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғауға арналған нормативтік құжаттарды әзірлеуге сүбелі үлес қосқан зерттеуші. Ол ТМД елдерінде әлі күнге дейін теңдесі жоқ «Қазақстан Республикасының Жер кадастры және оның автоматтандырылған ақпараттық жүйесін» құрды. Аудиторияның ашылу рәсіміне қатысқан ғалымның замандастары, әріптестері мен шәкірттері оның мемлекет алдындағы сіңірген еңбегі мен кәсіби жетістіктерін еске алды.

Алтынбек Нұхұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ауыл шаруашылығы саласында ғылыми жетістіктерімен биіктен көрінген ағамыз, академик Зайролла Дүйсенбеков атындағы аудитория ашылып жатыр. Бұл С.Сейфуллин атындағы университетте ашылып жатқан аудитория шын мәнінде Зайролла ағаның сіңірген еңбегінің үлкен жемісі деп білуіміз керек.