ҚБТУ-да «Уран ісі» бағдарламасына арналған аудитория ашылды
«Қазатомөнеркәсіп» уран өндірісіне қажетті мамандар даярлауға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда.
Қазақстан-Британ техникалық университетімен бірлесіп «Уран ісі» бағдарламасы іске қосылды. Кәсіби білімнің сапасын арттыру үшін арнайы полигонда бұрғылау қондырғысы орнатылып, жабдықталған кабинет ашылды. Салтанатты шараға «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы мен ҚБТУ басшылығы, «Уран ісі» бағдарламасының бірінші курс студенттері қатысты.
Елімізде «Уран ісі» білім бағдарламасы 2025 жылы іске қосылды. Уран өнеркәсібіне қажет кадр даярлауға бағытталған бағдарламаны ҚБТУ оқытушылары мен «Қазатомөнеркәсіп» мамандары бірлесіп әзірлеген. Былтыр 40-тан астам студент білім алса, биыл бірінші курсқа 70 бала қабылданды. Бұл жастардың атом энергетикасы мен уран өнеркәсібіне қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Маратбек Ғабдуллин, ҚБТУ ректоры:
- Бұл бағдарламада уранды жерасты ұңғымалары арқылы шаймалау технологиясы, бұрғылау, цифрландыру, геология және уран өнеркәсібіне қажетті басқа да бағыттар қамтылған.
Қазатомөнеркәсіп ҚБТУ-дың сынақ алаңына бұрғылау қондырғысы мен жылжымалы ауа компрессорын орнатып берді. Бұл студенттерге уран өндіру және барлау жұмыстарымен іс жүзінде танысуға мүмкіндік береді.
Мейіржан Юсупов, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Атом саласын дамытып, білікті кадрлар даярлау мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясындағы маңызды жұмыс. Қазатомөнеркәсіптің жаңа кабинеті білім алу мүмкідіктерін кеңейтіп, кәсіби құзіреттерді дамытуға ықпал етеді.
Мамандардың айтуынша, атом энергетикасы мен уран өнеркәсібі дамыған сайын қызметкерлерге қойылатын кәсіби талап та артуда. Сондықтан білікті кадр даярлау уран саласының тұрақты дамуының маңызды бағыттарының бірі.
Руслан Оспанов, "Байкен-U" ЖШС бас директоры:
- «Қазатомөнеркәсіп» үшін білімді қолдау еліміздің технологиялық болашағына инвестиция. Студенттерге айтатыным тек қана үйреніңіздер, білім жинаңыздар. «Қазатомөнеркәсіп» қатарында сіздерді көруге қуанышты боламыз.
Білім мен өндірісті ұштастыруға бағытталған жаңа оқу кеңістігі Қазақстанның уран өнеркәсібіне қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев