Текелі қаласының кәріз жүйесі жаңғыртылып жатыр
Текелінің инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр. Қаланың кәріз жүйесі 75 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Қазір 86 проценті тозған.
Жаңғырту жобасына мемлекет бюджетінен 1,5 млрд теңге бөлінді. Соңғы кезде қалада инженерлік құбырлардың қысымға шыдамай, жарылуы жиілеп кетті.Текелі тұрғыны Лидия Окулова коммуналдық желілердің көптен жөндеу көрмегенін айтады.
Лидия Окулова, қала тұрғыны:
- Соңғы жылдары әр жерден құбыр суының көшеге жайылғанын байқадық. Мамандар сол аумақты қазып, жарылған жерін бітейді. Алайда көпке ұзамай басқа жерден су атқылайды. Күрделі жөндеу басталғалы бері бұл мәселе шешілді. Құбыр ауыстыру үшін қазылған тротуар, жолға жаңа асфальт төселді.
Кәріз құбыларын ауыстыру жұмыстары былтыр сәуірде басталды. Қазір жобаның екінші кезеңі. Жалпы, Текеліде екі жүздей көпқабатты тұрғын үй бар. Басым бөлігі «Алатау» ықшам ауданында орналасқан. Жауапты мамандардың айтуынша, биыл ұзындығы 7,7 шақырым болатын магистральды құбыр төсеу жоспарланған.
Сұлтан Сейілхан, құрылыс учаскесінің бастығы:
- Соның 3 километріне қазір құбыр салынды. Қазір екі техника. 12 адам жұмыс істеп жатыр, екі бригада. Кесте бойынша жұмыс атқарып жатырмыз.
Ерлан Жетібаев, қала әкімінің орынбасары:
- «Инженерлік желлілерді қайта жаңғырту» ұлттық жобасы арқылы екінші кезеңі басталды. Құны 1,4 млрд теңге. Екінші, үшінші кезең 2028 жылдың аяғына дейін «Алатау» шағын ауданында жұмыстар толықтай атқарылып, бітетін болады.
Құбыр ауыстырған учаскелердегі жаяу жүргіншілер мен автокөлік жолдарының асфальт жабындысын қайта төсеу мердігердің міндеті. Яғни, қазылған жерлер қалпына келтірілуі тиіс. Жалпы Жетісу облысы бойынша 32 инженерлік нысанды жаңғырту үшін , бюджеттен 16 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жұмыстар кезең кезеңмен атқарылады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Гүлнар Жантасова, Қуаныш Түргенбаев