Атырауда екі жолаушы автобусы соқтығысып, алты адам ауруханаға түсті
Атырауда жолаушы тасымалдайтын екі автобус соқтығысып, алты адам жарақат алды. Зардап шеккендер облыстық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды «24KZ».
Атырау облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, апат 22 маусымда сағат 08:00 шамасында Амандосов көшесінде болған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Yutong маркалы автобустың тежегіш жүйесі істен шыққан. Көлікті тоқтата алмаған жүргізуші жол жиегінде тұрған дәл сондай маркалы басқа автобусқа соғылған.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан әртүрлі дене жарақатын алған алты жолаушы облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазір аталған дерек бойынша тиісті материалдар жинақталып жатыр, — деп хабарлады полициядан.
Апаттың мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз