Алматыға Нобель сыйлығының лауреаты келді
Әлемге әйгілі қытай жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Ян Алматыға келді. Қаламгер қазақ жазушыларымен, әдебиеттанушылармен, студенттермен және оқырмандармен кездесті.
Қазақ оқырманы қытай жазушысы Мо Янның шығармашылығымен жақсы таныс. Қазақ тілінде жазушының «Сарымсақ жыры» романы мен «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» атты публицистикалық жинағы жарық көрсе, «Қызыл гаолян» романының үзінділері мерзімді басылымдарда жарияланды. Дегенмен қаламгермен кездесіп, пікірлесудің әсері ерекше. Кездесуде жазушы өзінің шығармашылық жолы туралы әңгімеледі. Мо Ян тек Абайдың еңбектерімен таныс екенін, басқа қазақ жазушыларының шығармалары қытай тілінде қолжетімсіз екенін атап өтті. Әдебиет - халықтарды жақындастыратын ерекше күш. Сондықтан аудармаға ден қойылғаны жөн, - деді ол.
Мо Ян, жазушы, Нобель сыйлығының иегері:
- Бүгінгі іс-шарада қазақ халқының ыстық ықыласын сезіндім. Қазақ оқырмандарының әлем әдебиетімен жақсы таныс екені мені ерекше қуантты. Алайда қазақ әдебиетінің туындылары қытай тіліне әлі де аз аударылады. Бұл бағытқа көбірек көңіл бөлінсе деген тілек бар. Қазақ шығармалары кеңінен аударылса, қазақ әдебиетін тереңірек танып, жазушыларымен пікір алмасуға мүмкіндік туар еді.
Мо Ян аңыз бен тарихи шындықты заманауи өмірмен ұштастырған бірегей әдеби стилі үшін 2012 жылы Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына ие болды. Оның романдары қытай қоғамының тыныс-тіршілігін, тарихи өзгерістерді және адам тағдырын терең суреттеуімен ерекшеленеді. Жазушының Қазақстанға сапары екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтып, әдеби ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді, - деді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.
Мереке Құлкенов, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:
- Мо Янның шығармашылығы ең бірінші қазақ оқырманына өте жақын шығарма. Романдарындағы қым-қиғаш оқиғалар, Қытайдың революция кезіндегі қиындықтары, сондағы қытай халқының көрген қорлығы бәрі бізге ұқсайды. 1930 жылдардағы кәмпеске, 1937 жылдардағы қуғын-сүргін, соғыс кездері міне осының бәрін Мо Ян құсап жазатын уақыт келді бізге.
Кездесу аясында Мо Янның қазақ тілінде жарық көрген кітаптары таныстырылды. Оқырмандар Мо Янға шығармашылығы туралы сұрақтар қойып, қолтаңба алып, суретке түсуге мүмкіндік алды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кендже Амраев