Ішкі істер министрлігі дрон операторларын дайындап жатыр

Ішкі істер министрлігінде дрон операторларын оқыту зертханасы ашылды.

Мұнда тәртіп сақшылары ұшқышсыз ұшу аппараттарын толық меңгеріп, кейін оларды қызмет барысында қолданады. Бүгінде әуе құрылғысы полицияның көзі мен құлағына айналып отыр. Қондырғы кең аумақтарды әуеден шолып, іздестіру жұмыстарын жедел ұйымдастыра алады.

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Біз қазір дрон операторларын даярлайтын зертханадамыз. Мұнда мамандар кешенді дайындықтан өтеді. Ал менің артымда ұшып жүрген оқу-жаттығуға арналған FPV-дрон. Болашақ операторлар дәл осы қондырғының көмегімен басқару машығын жетілдіріп, түрлі кедергілерден өтіп үйренеді. 

Бір қарағанда оңай көрінгенімен дронды дәл бағыттап, белгіленген маршрутпен жүргізу үлкен шеберлікті талап етеді. Сондықтан мамандар алдымен теориялық дайындықтан өтіп, кейін виртуалды жүйеде жаттығып, қондырғының негізгі дағдыларын меңгереді. 

Роллан Молдыбаев, ІІМ жедел-криминалистикалық департаментінің бас криминалисі, полиция подполковнигі:

- Біздің қызметкерлерді оқыту кезінде біз осындай кіші дрондарды пайдаланамыз. Бұл дрондар кіші болып көрінгенмен өмірде бұны басқару өте қиын. Біздің қызметкерлер осы дрондарды меңгергеннен кейін әрі қарай үлкен дрондарды пайдалану өте оңай болады.

Ұшқышсыз аппараттар адам аяғы жете бермейтін таулы, далалы аумақтарды әуеден шолуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоғалған азаматтарды жедел іздестіріп, күдіктілердің ізіне түсіп, олардың қозғалысын бақылайды.

Айнұр Шаупкелова, ІІМ жедел-криминалистикалық департаментінің криминалисі, полиция майоры:

- Заманауи ұшқышсыз жүйелер нақты уақыт режимінде бақылау жүргізуге, күрделі жағдайларда ұшуларды орындауға, түнгі уақытта жұмыс істеу үшін тепловизиялық технологияларды пайдалануға және жай көзге көрінбейтін нысандарды анықтауға мүмкіндік береді. Бейнелердің жоғары сапасы мен бірнеше мәрте үлкейту мүмкіндігі маңызды ақпарат алуға және қойылған міндеттерді барынша тиімді орындауға көмектеседі.

Ұшқышсыз ұшу аппараттардың тиімділігі өңірлерде де байқалып отыр. Мәселен, Түркістан облысында мал ұрлығына қатысы бар күдіктілердің ізі суымай анықталды. Дрон олардың қозғалысын тіркеп, қылмыстың бетін ашуға негіз болған маңызды айғақтарды жинауға мүмкіндік берді.

Дильназ Тұрғазыева, Өрден Жарқын