Елордада «Құрылтай феномені» кітабының тұсауы кесілді

Құрылтайдың тарихы бір ғасырмен ғана шектелмейді. Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Құрылтай феномені» атты су жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

Ортағасырлық қолжазбаларға негізделген кітап қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде оқырманға жол тартты. Осылайша, құнды мәліметтер алғаш рет қазақ тіліне тәржімаланды. Туындыда Құрылтайдың шығу тегі, оның түркі халықтарының өміріндегі рөлі және халықтық кеңес дәстүрінің қазіргі Қазақстан үшін маңызы жан-жақты зерделенген. Кітап авторларының айтуынша, еңбек мемлекеттілігіміздің тамырын тереңірек түсінуге және билік пен қоғам арасындағы диалогтың тарихи негіздерін айқындауға мүмкіндік береді.

Омархан Өксікбаев, кітап авторы:

- Бұл бірінші - тарихи, екінші - ғылыми еңбек. Кітаптың жалпы құрылымы терең түрік халқының тарихында Құрылтай қайдан шыққаны, ата-тегі неде деген тарихи деректерге сүйене отырып, Бұл «Құрылтайдың» халық үшін, мемлекет үшін, болашақ үшін істеген істерінің тізбектеліп, біз соған саралап, өзіндік үлкен зерттеулер жасадық.