Қазақстан полициясында 12 мыңға жуық әйел қызметкер еңбек етеді

Бүгін – Полиция күні. Құқық қорғау қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Астана елорда атанғалы төрінен қонақ арылған жоқ.

Әлемнің әр қиырынан келген мәртебелі меймандарды қабылдап, халықаралық кездесулер мен келелі кеңестердің алаңына айналды. Мұндай маңызды мезетте қала көшелеріндегі қозғалысты кедергісіз ұйымдастырып, қадірлі қонақтардың қауіпсіздігін қатаң қадағалау қажет. Осынау міндетті мінсіз атқарып жүрген мамандар бар. 

Сәніне салтанаты сай кортеж, қаздай тізілген қызметтік көліктер. Мәртебелі мейманды Астана көшелерімен алып тасымалдайтын автокеруенді көріп жүрген боларсыз. Ал сол көлік легінің көшін қос дөңгелікті темір тұлпарды тізгіндеген мотовзод бастап келеді. Бұл мамандандырылған арнайы жасақ.

1997 жылы құрылған құрамда 29 қызметкер еңбек етеді. Олар 30 мотоцикл, 18 көлікпен жабдықталған. Жеке құрамға полиция подполковнигі Ринат Сәлімгереев жетекшілік жасайды. Жиырма жылға жуық уақытын осы салаға арнаған ол мамандығым мақтанышым дейді. Айтуынша, жауапкершілік жүгі ауыр қызметтің қиындығы да, қызығы да қатар жүретін көрінеді.

Ринат Сәлімгереев, Астана қалалық ПД Патрульдік полиция мамандандырылған батальонының эскорт взводының командирі:

- Әрбір делегация, әрбір елдің президенттеріне спорттық шеңдер парк, сквер, автокөліктер жүрмейтін жерде мотоциклдермен қауіпсіздікті қадағалап, жұмыс істейміз. Сүйемделуді өткізіп жүргеннің өзінде де қобалжисын. Басқа елдің Президенті келгеннен кейін басқа елмен жұмыс істейсің, сол кезде неше түрлі қызықтар болады.

Антына адал шенді ару

Иә, құқық қорғау қызметі темірдей тәртіпті, тегеурінді төзімді талап етеді. Осы қатарда абыройлы еңбек етіп жүрген арулар да бар. Антына адал шенді арулардың бірі - Зинара Сапарбекова. Ол 20 жылдан астам уақыт осы салада абыроймен жұмыс істеп келеді.

Зинара Сапарбекова, ҚР ІІМ Ішкі аудит департаментінің бас ревизор – аудиторы:

- Полиция саласында 2005 жылдан бастап жұмыс істеймін. Саналы түрде өзімнің  бала күнгі арманым болды. Әділдікті, адалдықты, халыққа қызмет ету мен үшін үлкен арман болды. Өзім таңдап, қалап, осы салада жұмыс жасағаннан кейін өз мамандығымды жақсы көремін. Қайта таңдау берсе, қайтадан таңдаушы едім, осы мамандықты.

Қазақстан полициясының қатарында бас-аяғы 12 мыңға жуық қыз-келіншек еңбек етеді. Оның 600-ден астамы басшылық құрамда. Ер азаматтармен қатар, қалыс қалмай, отбасы мен қызметті бірдей тізгіндеп, қарашаға қалтқысыз қызмет қылып келе жатқан шенді қыздар қашанда құрметке лайық.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы