Жаңа кинокомедия прокатқа шығады
Отандық киноиндустрияның қоры тағы бір фильммен толықты. Картина «Бишаралар Үндістанда» деп аталады. Бұған дейін бұл киноның үш бөлімі шыққан.
Осы жолғы хикая франшизаның жалғасы іспетті. Аты айтып тұрғандай фильм Үндістанда түсірілді. Оған қазақстандық актерламен қоса, жергілікті артистер де тартылды. Картинаның тұсаукесері Aport East сауда, ойын-сауық орталығындағы Halyk IMAX Kinopark 16 кинотеатрында өтті.
Байтемір мен Әділет ұлдарын қырқынан шығарып жатқанда Үндістаннан жұмбақ сәлемдеме алады. Қорапта Әділеттің бала кезде ойнаған ойыншығы болады. Әкесі оған өз анаң көз жұмған деп айтып келген. Бірақ бала жүрегі сенбейді. Осыдан кейін ол анасы туралы шындықты білгісі келіп, сол елге отбасына түгелдей жолдама алады. Сөйтіп шешесін іздеп Үндістанға жол тартады.
Бақыт Қадер, режиссёр:
- Үндістандық актерларды да қостық. Жалпы түсірілім барысы қызық өтті. Себебі үнді стильі бар ғой, төбелес болсын, махаббат болсын, камералардың түсірілуі болсын, соның барлығында үнді стильде түсіруге тырыстық.
Фильмдегі кейіпкерлерді танымал актерлер Жан Байжанбаев, Әсел Сағатова, Дариға Бадықова, Еркебұлан Тоқтар ойнайды.
Еркебұлан Тоқтар, актёр:
- Камера менімен жүреді деп айтсам болады. Біраз жерде менің оқиғам. Менің кейіпкерімнің оқиғасы. Сондықтан маған осы бөлім ерекше болды.
Фильмде Үндістанның көрікті орындары, табиғаты мен ұлттық салт-дәстүрі көрініс табады.
Сайлас Тангал, Қазақстандағы Үндістан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі:
- Мен фильмді көруге арнайы келдім. Түсірілім барысына екі тарап барынша қолдау көрсетті. Киноның тұсаукесері де өте жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Үндістандық актерлар да фильмге түсіп, елімізге тән киноның ерекшелігін ұлттық колоритін айқындай түсті.
Фильмнің жанры-комедия. Бірақ, Үндістанда түсірілгендіктен онда қоян-қолтық төбелес қойылымдары да бар. Картина 25 маусымнан бастап, еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев