Атырауда «Jas tolqyn» байқауының үздіктері анықталды

Атырауда «Jas tolqyn» жас таланттар байқауының екінші кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды.

Биыл жетінші мәрте ұйымдастырылып отырған өнер сайысы «Каспий Құбыр Консорциум» акционерлік қоғамының қолдауымен өтті. Биылғы байқауға Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының жас таланттары қатысты.

Бұл жас өнерпаздар - 350 талапкерден озық шығып, бас бәйге иеленгендер. Балалардың өнерін бағалаған қазылар алқасы дәстүрлі ән, аспаптық жанр,  хореография, әлеуметтік бейне секілді бес номинация бойынша үздіктерді анықтады. Солардың бірі - алыс ауылдан келген «Әсемай» ансамблінің жас орындаушылары.

Нұрасыл Еркінғали, байқау жүлдегері:

- Менің дәстүрлі әнге қатысқаныма биыл 5 жыл болады. Біз «Жас толқын» сайысына Исатай ауданынан келдік. Бұл жарысқа көп уақыт дайындалдық. «Жас толқыннан» гран-при алып, желтоқсанда Мәскеуге барамыз.

Биыл 7-ші мәрте өткен «Жас толқын» балалар байқауы 9 бен 18 жас аралығын қамтиды. Бұрын өнер сайысы тек батыс өңірді қамтыса, биыл Қызылорда облысының өнерпаздары да бақ сынауға мүмкіндік алды.

Қайыргелді Қабылдин, «КТК-К» АҚ Бас директорының үкіметпен байланыс жөніндегі орынбасары:

- Байқауға 1,5 мың өтініш түскен. Оның ақтық сынына 350 жүлдегер шықты. Мұндай байқаулар жаңа таланттарды танытуға ықпал етеді. Бүгінгі жеңімпаздар енді халықаралық сахнаға шығады. Жобаның географиясы кеңейген сайын, дарынды балаларды қолдау мүмкіндігі де арта береді.

Бүгін байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған өнерпаздар жыл соңында Мәскеуде өтетін «КТК - дарынды балаларға» атты халықаралық байқауда Қазақстан атынан өнер көрсетеді. Олардың бар шығынын Каспий құбыр консорциумы көтеріп алған.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин