Тараздағы қыз ұрлығы: Алматылық үш азамат 3 жылға бас бостандығынан айырылды

Таразда 19 жасар бойжеткенді некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында алып қашқан үш азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл ақпаратты қалалық прокуратура мен полиция басқармасы растады, деп хабарлайды «24KZ».

Оқиға өткен жылдың қазан айында Тараз қаласында болған. Алматы облысынан келген үш ер азамат Жамбыл облысының 19 жастағы тұрғынын күштеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Аталған дерек бойынша Тараз қаласы Әулиеата аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы 2-бөлігі 1 және 4 тармақтарымен "Адамды некеге тұру мақсатында ұрлау" сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады.

Тергеу барысында жәбірленуші қыздың бұл қылмысты ұйымдастырушымен бес жылдан астам уақыт бойы жақын қарым-қатынаста болғаны анықталды. Алайда, бойжеткен оған тұрмысқа шығудан үзілді-кесілді бас тартып келген.

Қыздың бірнеше рет бас тартқанына қарамастан, ер азамат оны алып қашуды жоспарлаған. Ол бұл қылмысқа өзінің екі танысын тартқан. Үш күдікті алдын ала сөз байласып, топ болып әрекет ете отырып, тал түсте бойжеткенге күш қолдану арқылы оны ұрлап кеткен.

 

Осы оқиғаға байланысты қалалық прокуратура өкілдері азаматтарға ескерту жасайды.

Нәсіліне, ниетіне немесе ата-бабадан қалған «салт-дәстүрге» сілтеме жасағанына қарамастан, адамды некеге тұру мақсатында алып қашу - ауыр қылмыс болып табылады. Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделген.