Несие шарттарын қайта қарауды сұрайды

Қостанай облысының кәсіпкерлері жеңілдетілген несие беру шарттарын қайта қарауды сұрайды.

Шаруалар әсіресе несиені қараша айынан бастап қайтару талабына қарсылық білдіріп отыр. Себебі егіннен түсетін негізгі табыс жыл соңында немесе келесі маусымда ғана түседі. Сонымен қатар жеңілдетілген несие алу үшін жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі талап та дау тудырып отыр. 

Несие шарттарын қайта қарауды сұрайды 

Биыл Қостанай облысының ауыл шаруашылығы саласын субсидялауға 658 миллиард теңге, ал көктемгі егіс, жиын-терін жұмыстарына 700 миллиард теңгеден астам жеңілдетілген несие қаралды. Мемлекеттік қолдау шаруаларға қаржы институттары арқылы беріледі және өндірісті арттыруға өз септігін тигізіп отыр. Алайда қаржыны алу және төлеу кезінде қойылатын кейбір талап-шарттары шаруаларға қолайсыз. Мысалы, «Кең дала» бағдарламасы бойынша Аграрлық несие корпорациясы ұсынатын жеңілдетілген несиенің екі төлем мерзімі қаралған. Біріншісі қараша айында, екіншісі наурызда. Сол шартты орындау үшін шаруалар күзде жинаған астығын асығыс арзанға сатуға мәжбүр.

Марат Ахметов, шаруа:

- Үкіметтің көмегі жоқ емес, бар. Оның үстіне, көрсетілетін қолдау көлемі жылдан жылға артып келеді. Тек мәселе – несиені қайтару мерзімінің қысқалығында. Егер қайтару мерзімі ұзағырақ болса, шаруаларға жеңілірек болар еді. Қараша айында қызметкерлердің жалақысын төлеу керек, одан бөлек басқа да несиелік міндеттемелер бар. Сол кезеңде трейдерлер де белсенді жұмыс істей бермейді. Сондықтан баға әрдайым төмен болады.

Егер несие наурыз айында немесе жаңа жылдан кейін қаңтардың ортасында, кейін наурыздың ортасында берілсе, бұл көптеген шаруа үшін едәуір жеңілдік болар еді.

Агаралық несие корпорациясының өкілі «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша төлем мерзімін әзірге ұзарту мүмкін емес дейді. Оның бірінші себебі қаржы министрлігі бекіткен төлем кестесінен ауытқуға болмайды. Екіншіден мерзімді көктемге шегерудің тәуекелі бар. 

Айдын Досқараев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Несиелік тәуекелдерді басқару ережелеріне сәйкес біз несиені қайтару мерзімін жылына бір ғана кезеңге, мысалы, наурыз айына немесе көктем айларына белгілейтін болсақ, ол кезде егін егу науқаны басталып кетеді. Нәтижесінде кәсіпкерлер өнімін сатып, түскен қаражатты егін егу жұмыстарына жұмсайды. Осыған байланысты белгілі бір тәуекелдер туындайды. Сондықтан біз қайтару мерзімін екі кезеңге бөліп белгіледік. Болашақта әрине, жағдай өзгеріп жатса, қаржыландыру көздері өзгерсе немесе субсидиялау қағидалары мен субсидиялау мерзімдеріне өзгерістер енгізілсе, бұл мәселеге қатысты да өзгерістер болуы мүмкін.

«Даму» қоры арқылы субсидиялау бағдарламасы да кәсіпкерлер арасында үлкен сұранысқа ие. Бұл Мемлекеттік бағдарлама бойынша қолдау қаржы алған кәсіпкерге жаңадан жұмыс орнын ашу міндеттеледі. Ал бизнес өкілдері бұл талап қисынға келмейді, өйткені жаңа технологиялар еңгізіп, өндірісті автоматтандыру қол еңбегінің қысқаруына алып келеді деп санайды.   

Мағауия Қалиев, тілші:

- Жұмыс орындарын құру – жеңілдетілген несиені мақұлдаудың негізгі талаптарының бірі. Егер сіз 100 миллион теңге көлемінде несие алсаңыз, бір жыл ішінде кемінде бір қосымша жұмыс орнын ашып, бір адамды жұмысқа қабылдауыңыз қажет. Тиісінше, 200 миллион теңге несие алған жағдайда кемінде екі адамды жұмысқа алу талап етіледі. Бұл талаптардың орындалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, олардың сақталуы үнемі тексеріліп отырады.

Әсел Казакова, «Даму» қоры филиалының бас менеджері:

- Кәсіпкерлерге кеңес бергенде осындай талаптар бар екенін алдын ала түсіндіреміз. Олар өздері келісіп, бізбен шартқа отырады. Жұмыс орнын сақтау немесе көбейту талабы жеңілдетілген несие сомасына және бағдарлама ережесіне тікелей байланысты.

«Даму» қоры өкілінің айтуынша, жеңілдетілген несиені рәсімдеу барысында бизнес өкілінің мүмкіндігі мен жағдайы барынша ескеріледі. Қостанайлық  кәсіпкерлер мен қауымдастық өкілдерінің осы мәселе төңірегіндегі ұсыныс-пікірлері ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолданды. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг