БАҚ өкілдері Президент атынан мемлекеттік наградалармен марапатталды
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында елордада медиа саласының майталмандары бас қосты.
Оларға Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жоғары мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыстады. Марапат иелерінің арасында салаға сүбелі үлес қосқан журналистер, редакторлар, продюсерлер, тележүргізушілер, фототілшілер мен отандық журналистика ардагерлері бар. Бұл шараға біздің әріптестеріміз де қатысты.
Салтанатты шараның бір бөлігі Ақордада өтсе, тағы бірқатар маман Президенттің атынан Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтады. Ол Мемлекет басшысының «Журналистердің басты миссиясы – қоғам мен билік арасында алтын көпір болу» деген сөзін алға тартып, саланың ел реформасындағы рөлі зор екенін атап өтті. Еңбегі еленген мамандардың бірі - әріптесіміз, 24KZ арнасының жүргізушісі Әлия Шермағамбет.
Әлия Шермағамбет, «24KZ» телеарнасының жүргізушісі:
- Қуанып толқып тұрмын. Өйткені осы ақпарат саласындағы 20 жылдық еңбегім бүгін еленіп жатыр. Бойымды бір қуаныш сезімі кернеп тұр. Осы ақпарат майданында ыстығы мен суығына бірге төзіп, иық тіресе қызмет атқарған әріптестерімді, өзімді бүгін Мемлекет басшысы, Министрлік марапаттап жатыр. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Сондықтан алғысымды білдіремін.
Осы жолда аянбай тер төккендерге «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары, «Ақпарат саласының үздігі» белгісі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атақтары бұйырды. Бұл - мемлекеттің қалам ұстаған қауымға деген шынайы құрметі. Ұлттық арнада тура 20 жыл қызмет еткен ардагер телеоператор Советхан Жағиев те жоғары марапат иелерінің қатарында бар
Советхан Жағиев, ардагер – телеоператор:
- Күтпедім шыны керек. Телеоператорлар негізі кадрдың сыртында жүретін адамдар ғой көп жағдайда. Соны елеп, ескеріп жатқанына өте қуаныштымын. Қатты толқып тұрмын.
Бүгінде елімізде 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген. Медиа саласын жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасып келеді. Тек соңғы бірнеше жылда «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» және «Масс-медиа туралы» заңдар қабылданды. Биыл 1 шілдеден бастап күшіне енетін Жаңа Конституцияда сөз бостандығы, ақпарат алу құқығы және дербес деректерді қорғаудың кепілдіктері күшейтіліп, ашық әрі жауапты ақпараттық кеңістікті дамытуға берік негіз қаланды.
Авторлары: Дариға Ташенова, Ғалымжан Абдылахат, Ернар Нысанбай