Маңғыстауда малды қарақұрт шағып жатыр
Маңғыстауда облысында өрістегі малға қарақұрттан қауіп төнді. Улы жәндік шаққан ірі қара әлсіреп, көктемнен күйсіз шыққаны өліп жатыр.
Маусым айының басынан бері ветеринарлық қызметке 30-ға жуық шаруа қожалығынан шақырту түскен.
Өрістен келген түйелердің қорада тұралап жатқан сәтін фермерлер әлеуметтік желіде жаппай жариялап жатыр. Айтуларынша, ірі қара жайлауда бірнеше күнге дейін емін-еркін жайылған. «Қарақұрттың қай уақытта шаққаны белгісіз. Малдың денесіне у тарап кеткен соң дәрі егіп, емдеу қиын» - дейді.
Күн ысығалы ветеринария станцияларына Түпқараған, Маңғыстау және Бейнеу ауданынан шақырту жиілеген. Мамандар қарақұрттың белсенді кезеңі тамыздың соңына дейін жалғасуы мүмкін екенін айтады. Өрістегі малдың жай-күйін жиі бақылап, малға қажетті дәрі-дәрмек қорын мүмкіндігінше ертерек жасауға кеңес береді.
Санжар Құдайберген , фармацевт:
- Қарақұрт шаққан кезде малдың ауырсыну процесі басталады. Температурасы көтеріледі. Спазм пайда болады. Мынау қанды сұйылтады, иммунитетті көбейтеді. Осы дәрілерді салған жақсы.
Малшылар қарақұрт ұя шоғырланған аумақты химиялық препаратпен өңдеу керек дейді. Алайда мамандардың айтар өз уәжі бар. Жүздеген гектар жерді улау мүмкін емес деп отыр.
Бердібек Марқабаев , облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
- Қарақұрт деген зиянды жәндік деп есептелмейді. Себебі ол шөпті жемейді. Мысалы, шегіртке зиянды, ал бұл шөптің басына ұясын салады да адамда қорғаныс реакция дейді ғой, қорғаныс реакциясы бар. Ана шөпті жеп жатқан малды шағады. Қарақұртқа қарсы бүкіл Маңғыстау облысын улауға тіптен қаражат жетіспейді, сөздің шыны керек.
Қарақұрт уынан төрт түлікке келген шығынның нақты көлемі белгісіз. Қазір аймақта 4 мыңдай шаруа қожалығы бар. Облыс бойынша 47 ветеринарлық пункт жұмыс істейді. Өңірлік ветеринария басқармасы алғашқы көмекке қандай препараттарды қолдану керектігі туралы нұсқаулықты әлеуметтік желілер арқылы жариялап та қойды. Улы жәндік шаққан түлікке егілетін дәрілік заттар жиынтығының орташа бағасы 15 мың теңгеден басталады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев