Өскемендік журналистер автомат асынып, әскери полигонға шықты
Өскемендік журналистер төл мерекесі қарсаңында автомат асынып, әскери полигонға шықты.
Телекамера, фотоаппарат, диктофон сынды үйреншікті құралдарының орнына қару ұстаған БАҚ өкілдері Ұлттық гвардия ұландарымен бір күн бойы жаттығудан өтті. Бұл шараға қатысқан «Хабар» Агенттігінің Шығыс Қазақстан облыстық қосынының қызметкерлері сынақтан сүрінбей, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Таңсәріден әскери полигонға жиналған тілшілер қауымын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының өкілдері қарсы алды. Қауіпсіздік ережелерімен танысқан бойда жауынгер кейпіне енген журналистер қорғаныш киімдерін киіп, түрлі әскери машықтар бойынша бақ сынады. Олар майдан даласында жарақат алған адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, нысанаға пышақ пен күректі дәлдеуден, қару-жарақты құрастырудан жарысты. Қалам ұстаған қауым әскери нормативтерді абыроймен орындап шықты.
Мирас Сәбитбеков, облыстық телеарна тілшісі:
- Менің ойымша, тілші негізі универсал болу керек. Әрбір саланы ұғып тұру керек. Ол өте білімді адам болу керек. Сондақытан әр мамандықтың мән-жайын білу керек сияқты. Сондықтан да дәл осындай іс-шаралар үлкен ықпал етеді.
Мерей Қайнарұлы, ҚР Журналистер одағы ОФ Төрағасы:
- Мынау Шығыс Қазақстан журналистері бүгін қаламды қаруға айырбастады, мына қару ұстай алатындарын көрсетіп жатыр. Жалпы біздің журналистер қай жағынан алып қараса да өнерлі, білімді, мықты!
Тіршіліктің сан қырынан хабары бар журналистер қауымы үшін әскери оқу-жаттығу алаңындағы жағдай таңсық емес. Ал бүгін қаламмен қаруланған ақпарат майданының жауынгерлері ұрыс алаңында да әскери қару-жарақпен шайқасқа әзір екенін көрсетті.
Бағдат Амангелді, "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының өкілі:
- Нәзік жандылардың көп болғаны да қуантады, ер азаматтарға қарағанда тіпті ер азаматтардан да жоғары көрсеткіш көрсетіп жатыр. Шыны керек, мынандай стереотип бар ғой - ер азаматтардың ғана қолынан әскери міндеттер келеді деген. Бұл стереотипті бүгін аруларымыз, нәзік жандыларымыз толығымен бұзды десек болады.
Әдетте әскерилердің іс-қимылын сырттан бақылайтын БАҚ өкілдері жауынгерлік өмірдің қыр-сырын теңірек түсінуге мүмкіндік алғандарына риза. Ал шараны ұйымдастырушы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының өкілдері «мұндай журналистермен жауға қарсы қорықпай шығуға болады», деген бағасын берді.
Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов