Жастарды әскерге шақыру рәсімі өзгереді
Таптаурын ереже тоқтап, оның орнына мемлекеттік протокол тәжірибесіне сәйкес жаңа формат, яғни ерекше салтанат ұйымдастырылады.
Мұндай рәсім ант қабылдау мен әскери қызметтен босату кезеңдеріне де қолданылады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Бүгін Президент «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының қорытынды шарасына қатысып, сөз сөйледі. Елдің әскери әлеуеті мен отансүйгіштік жайлы айтты. Халықаралық жарыста Қазақстанның жас жауынгерлері жеңімпаз атанды.
Ерлік үшін жас емес, қауіпке қарсы тұрар бас керек. Демек бала да батыр бола алады. Тек жүрегінде түгі, мойынында жүгі болса болғаны. Өр мінезді өрендердің бір парасы осы сапта жиылған. Олар 5 күн бойы халықаралық Айбын әскери-патриоттық жастар жиынында бақ сынасты. Он екінші мәрте ұйымдастырған жарысқа 5 елден 50-ден аса команда қатысқан. Бәсекеге толы дода бүгін қорытындыланды. Жиынға Президент қатысып, жастарға ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кез келген елдің болашағы – өздеріңіз секілді отаншыл, білімді, еңбекқор, жасампаз және батыл жастардың қолында. Қазақстанның беделін арттырып, көшін алға бастайтын да – жалынды жастар! Мен сіздерге зор үміт артамын!
1 шілдеде мемлекетіміздің Бас құжаты – Конституция заңды күшіне енеді. Жеткіншектер алдында Президент жастар үшін таңдалған Бас құжатқа арнайы тоқталды. Ата заңмен дамуының мүлдем жаңа дәуіріне қадам басатымызды айтып, артықшылықтарын жіпке тізді. Кейін отансүйгіштік жайлы айтты. Президент пікірінше, отанды қорғау киелі парыз. Ал әскери қызмет азаматтықтың белгісі әрі қастерлі конституциялық міндет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз Қарулы күштерді дәйекті түрде жаңғыртуды қолға алдық. Армияға және әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект пен даярлықтың озық стандарттары белсенді түрде енгізіліп отыр. Бұл – заман талабы. Сондықтан қазіргі күрделі сын-қатерлерге төтеп беру үшін дайындығымыз сақадай-сай болуы қажет. Әрбір мүмкіндікті мемлекеттің іргесін бекемдеп, қуатын арттыруға пайдалану керек.
Иә, жоғары технология әскери салаға белсенді енгізіліп жатыр. Роботатехника һәм цифрландыру жастар жарысының да көркін қыздырды. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған жеткіншектер майданда қолдануға болатын өнертабыс ала келді. Соның бірі – Абай облысынан келген Олжас Қалижаров. Ол жарылғыш затты жойып, қауіпті аймақта жұмыс істейтін робот ойлап тапты. Соның арқасында Үздік жас сарбаз номинациясын жеңіп алды.
Олжас Қалижаров, «Абай қырандары» командасының мүшесі:
- Ауыр артиллерия бағытындағы роботымды әкелдім. Қазір террозим дамыған. Сол терроризм бағытында, белгілі бір жерге бомба қалдырып кетсе, сол робот барып, бомбаны өшіреді.
Ал Жетісу тарландары командасы жалпы есепте бірінші орынға ие болды. Олардың роботын майдан шебінде түрлі бағытта қолдануға болады. Оны ойлап табуға үш ай жұмсалған. Ең қызығы, көп ұзамай бұл өнертабыс өндріске енуі мүмкін.
Нұрасыл Шәріпов, «Жетісу тарландары» әскери патриоттық клубының мүшесі:
- Мультифункционалды робот. Төтенше жағдайда адамдарды эвакуациялайды. Сондай-ақ әскери логистика және барлау. Барлау екі түрде жүзеге асады. Бірінші танк ішіндегі камера және дрон арқылы. 2027-2028 жылдарға қарай осы роботтың шынайы прототипін жасаймыз.
Міне, жоғары технология әскери әлеуетті мүлдем жаңа деңгейге көтеруге қарымды. Мемлекет басшысының бұл бағытқа ерекше көңіл бөлуінің себебі осыда. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби деңгейі жоғары әскерилерді тәрбиелеудің тиімді жүйесін қалыптастыруды негізгі міндет деп атады. Тиісінше, енді әскер әлеуетін арттыру, беделін күшейтуге басымдық беріледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әскери дәстүрлерді «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» қағидатына сай жаңғырту жөніндегі бастамаға қолдау білдірдім. Бұдан былай әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату секілді үш кезең мемлекеттік протокол тәжірибесіне сәйкес жаңа форматта, ерекше салтанатпен ұйымдастырылады. Мұндай есте қаларлық рәсімдер аталған іс-шаралардың мән-маңызын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады.
Президент елімізде жасақталған «Жас сарбаз» қозғалысының айрықша рөліне назар аударды. Ұйымның қатарында 280 мыңнан астам мектеп оқушысы мен студент бар. Олардың дені келешегін әскери қызмет, құқық қорғау органдары немесе ұлттық қауіпсіздік жүйесімен байланыстырады. Мемлекет басшысы бұған қолдау білдірді. Мұндай бастамалар шынымен жастардың отансүйгіштігін күшейтеді.
Томирис Төребек, жарысқа қатысушы:
- Өте көп әсерлер алдым, өте көп эмоция. Қызықты сәттер. Мен үшін бұл – патриотизмға баулитын орта.
Қуаныш Қалдыбек, жарысқа қатысушы:
- Әскерге бару – мен үшін Отан алдындағы борышты өтеу. Адал қызмет ету. Мен түскім келетін жер – КҰҚК Шекара қызметі.
Жастардың бойындағы бұл қасиеттің орнығуына Айбын додасы да әсер еткені анық. Мыңнан аса жас бір тудың астына бірігіп, темірдей тәртіппен танысты. Президент бұл ерік жігерді жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Осы күндері сіздер нағыз достық пен өзара құрметтің, ұйымшылдық пен мызғымас бірліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер. Жарайсыздар! Жеңімпаз болған командаларды шын жүректен құттықтаймын! Рухты жастардың осылай бір алаңда бас қосып, тәжірибе алмасуы мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен сенімді нығайта түсері сөзсіз. Әр сарбаздың айбыны асқақ болсын!
Әрі қарай жас жауынгер қарым қабілетін Мемлекет басшысына көрсетті. Сегіз қырлы бір сырлы жеткіншектердің өнері жиылған қауымды таңғалдырды.
Бекзат Аманов, тілші:
- Қазақ өрендері білімді де, білікті. Жастардың қаламы да, қаруы да қарымды. Мұны осы Айбын сайысы дәлелдеп отыр. Қазір менің ортамда ән салып, би билеп жүрген жеткіншектердің арасында күші кәсіби спортшыдан да көп, шыдамы шымыр бозбалалар бар.
Соның бірі – Али Досыман. Ол физикалық жаттығулар жасаудан алдына жан салмайды. Оның жетістігін жас түгілі ересек спортшылардың қайталауы неғайбыл.
Али Досыман, жарысқа қатысушы:
- Мен 3276 рет отжимание жасадым және оны 2 сағат 40 минутта аяқтадым. Бала кезімнен бері еңбек етіп, үнемі жаттығу жасап келемін. Бұл жетістікке сол жаттығулардың нәтижесінде жеттім деп ойлаймын. Болашақта спортшы болғым келеді.
Жігіттер ғана емес, қыздарымыз да қайсар. Мысалы, Ника Бритни іш бұлшықеттеріне арналған жаттығудан рекорд орнатты.
Ника Бритни, жарысқа қатысушы:
- Мен іш бұлшықеттеріне арналған жаттығуды бір минутта 88 мәрте жасадым. Бұл – рекорд. Болашақта әскери инженер болғым келеді. Сол себепті өзімді дамытып, осы салада тәжірибе жинау үшін «Айбын» жиынына қатысып отырмын.
Сонымен Халықаралық бәсекеде отандастарымыз алдына жан салмады. Абсолютті жеңімпаз әрі Гран-при иегері атанды. Өзбекстандықтар екінші орынға иеленсе Қырғызстан, Әзербайжан және Ресей құрамалары үштікті түгендеді. Ал өңірлер арасынан Жетісу облысы оқ бойы озық шықты. Шымкент қаласының жастары екінші орынға тұрақтады. Ал Ақмола мен Қарағанды облыстарынан келген командалар үштікке жайғасты.
Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Рахманбердиев, Ділмұрат Сейдаханов