Үкімет инфляцияны 10 пайызға дейін төмендетпек

Биыл Үкімет инфляцияны 10% деңгейіне дейін төмендетуге ниеттеніп отыр. 

Премьер-министр Олжас Бектенов халықтың табысын арттыру үшін барлық шара қабылданатынын айтады. Бұл бағыт бойынша жеке жоспар да әзірленген. Сәйкесінше, шетелден келетін бірқатар тауар енді өзімізде өндіріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. 

Бюджет қалай игерілді, экономика қай деңгейге жетті, ал халықтың әл-ауқаты қаншалықты артты? Бұл сауалдарға жауап бүгін Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында ізделді. Күн тәртібінде 2025 жылғы бюджеттің есебі қаралды. Министрлер бастаған, депутаттар қоштаған жиынның шымылдығын Қаржы министрі ашты. Сонымен Мәди Такиевтың мәліметінше, былтыр ел экономикасы 6,5%-ға өсіп, орташа айлық жалақы 442 мың теңгеге жеткен. Алайда инфляция иірімі бар. Сондықтан Үкімет халықтың табысын арттыру үшін кешенді шаралар әзірлеп жатыр.

Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:
-
Оның аясында қаржылық, салықтық және басқа да ынталандыру шаралары көзделіп отыр. Олар еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.

Президент пәрменімен Үкіметке үлкен міндет жүктелді. Бұл – инфляцияны 10% деңгейіне дейін түсіру. «Былтыр әлемді кезіп жүрген бұл кедергіге еліміз қарсы тұра білді», - дейді Бектенов. Нәтижесінде бірқатар сала мамандарының табысы артқан.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мысалы, былтыр Ауыл шаруашылығында жұмысшылардың нақты табысы 9,3%-ға өсті. Сауда, байланыс, сумен жабдықтау, энергетика сияқты салаларда кірістер бағытына байланысты орта есеппен 4%-ға өсті, көлік саласында бұл көрсеткіш 5-тен 10%-ға дейін артты. Жекелеген салаларда оң динамика бар. Біз халықтың нақты табысының көрсеткіштері экономиканың бүкіл салаларында өсуі үшін барлық шараларды қабылдайтын боламыз.

Қаржылай қиындыққа ұшырап, күн көрісі оңайға соқпаған адамдарға көрсетілетін ең үлкен көмек – әлеуметтік төлемді көбейту емес, жалақысы мардымды жұмысқа орналастыру. Осылай деген Еңбек министрінің сөзі «балық берме, қармақ бер» деген тәмсілге саяды. Инвестор тартуға икем болса болғаны. Жастарды тартудың тың тәсілін тауып қойыпты.

Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-
Біз не жасап жатырмыз? Біріншіден, жастарға жағдай жасап жатырмыз. Цифрлы жұмыспен қамту. Қазір жастар мансап орталықтарына көп бармайды ғой. Сол бармаған себебінен біз мобильді қосымша арқылы олармен қалай сөйлесуге болатынын басқа аймақтарда қандай жұмыс бар, қандай жұмыс ең ірі мекемелерде бар. Сосын шетелде қандай жұмыстар бар деген сияқты.

Енді ел экономикасының кірісі мен шығысына тоқталсақ. Былтыр бюджетке 21,4 трлн теңге түсті. Шығысымыз бұдан 4,1 трлн теңгеге көп. Ең көп қаржы жұмсалған бағыт әлеуметтік сала – 9,3 трлн теңге. Өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2 трлн-нан аса теңге бағытталған. Білім саласы бойынша 198 мектеп, 30 жатақхана салынды. Осал топтағы 5 мыңнан астам адамға баспаналы болу бақыты бұйырыпты. Одан өзге көлік және логистика, инфрақұрылым мен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларына қомақты қаржы бөлінген.

Өз кезегінде инвестиция тарту Үкіметтің басты бағыттарының бірі болып қала береді.  Былтыр Инвестициялық штаб құны 70 млрд доллар болатын 126 жобаның жүзеге асуына тосқауыл болған түйткілдерді шешкен.

Нәтижесінде шетелден тартылған қаржы көлемі 20 млрд долларға жетті. Енді бұл қаржы жаңа өндіріс орындарын ашып, шетелден келетін тауарларға деген тәуелдікті азайтуға жұмсалады.

Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Асхат Қарағойшиев