Цифрлық теңге алаяқтықтың алдын алуы мүмкін

Бұл туралы Ұлттық Банк өкілдері мәлімдеді. Одан бөлек, биыл төл теңгеміздің үшінші формасын қолданудың заңды ережелері бекітіліп, толық қолданысқа енбек.

Бұған дейін бұл төлем түрі сынақ режимінде инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға жұмсалған. Оның қандай артықшылықтары бар? 

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Цифрлық теңге – кәдімгі қағаз ақша мен электронды қаржының да қасиеттерін бойына сіңірген төлем құралы. Ол блокчейн технологиясына негізделгендіктен әр токенді бағдарламалауға болады. Яғни ақшаға түрлі қасиет беріп, оны белгілі бір мақсатта ғана жұмсауға мүмкіндік бар. 

Марат Қайырленов, экономист:

- Сыбайлас жемқорлықпен күресте Цифрлық теңге тиімді құрал болып саналады. Себебі әр теңгені белгілеп, жүрген жолын қадағалауға болады. Яғни жауапты органдар ол ақшаны кім, қайда, не үшін жібергенін көріп отырады.

Мемлекет те оны бюджет ашықтығын қамтамасыз ету үшін 2023 жылдан бері пилоттық режимде сынақтан өткізіп келеді. Осы уақыт ішінде цифрлық теңге  фермерлерге кредит пен субсидия беру, автомобиль жолдарын салу, салықты басқару және Ұлттық қордың қаражаты есебінен инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру сынды бағыттарда пайдаланылды. Бүгінде цифрлық теңгенің заңдық мәртебесі айқындалып, құқықтық ережелері бекітілген. 

Әсет Тұрысов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Нормативтік база құрылды. Бекітілген. Ағымдағы жылғы шілдеде күшіне енеді. Бүгін 8 банк қосылса, әрі қарай заңнамаға сәйкес басқа банктер ықпалдасуға тырысады. Енді біз өзіміз, Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен байланысып, мен баяндамамда айтқандай, бүкіл жобаларды іске асырып жатырмыз. 

Бүгінге дейін құны 340 млрд цифрлық теңге болатын 30-дан астам жобаның жұмысы басталды. Ал 2026-2027 жылдары шамамен 1 трлн цифрлық теңге жұмсау жоспарланған. «Дегенмен оның игілігін мемлекетпен қатар, қарапайым азаматтар да көре алады», - дейді Ұлттық банк өкілі. 

Асан Ахметжан, Қазақстан Ұлттық банкінің баспасөз хатшысы:

- Онлайн сауда жақсы дамыған, иә? Онлайн саудада сатушы мен сатып алушы тікелей бетпе-бет кездеспейді. Ақшасын онлайн жібереді, тауарын алады дегендей. Бұл ретте әрине, бірқатар күдіктер туындайды. Сатып алушы жіберіп қойған ақшасына тауар алмай қалуы мүмкін немесе сатушы тауарын жіберіп, ақысын ала алмай қалуы мүмкін. Цифрлық теңге бағдарламалау арқылы смарт контракттар арқылы мұндай тәуекелдерді мейілінше азайтады. 

Дегенмен мамандар қалың көпшілікті сақ болуға шақырады. Себебі тың технологияның атын жамылып, азаматтарды сазға отырғызатын алаяқтар бар. 

Александр Байтов, киберқауіпсіздік сарапшысы:

- Біріншіден, «Ұлттық банк немесе басқа да қаржы ұйымдарының өкіліміз» деп хабарласатын адамдарға ешқандай код пен жеке ақпаратты беруге болмайды. Екіншіден, банк қосымшаларына мықты пароль қою керек. Содан кейін алаяқтар сізге цифрлық теңгеге осынша қаражат құйсаңыз, сізге бес, тіпті он пайыз пайда түседі деп алдауы мүмкін. Оған сенбеңіз.  Себебі цифрлық теңге біздің қағаз ақша сияқты ақшаның бір түрі. Оған ешқандай инвестиция жасалмайды. 

Демек цифрлық теңге жаңа ақша немесе цифрлық актив емес. Тек төлем құралы ғана. Оны тек осы мақсатта пайдалануға болады. 

Авторы: Серік Селеубайұлы