Балқаштың оңтүстік жағалауының инфрақұрылымына бюджеттен 31 млн теңге бөлінді

Алматы облысының Үлкен ауылындағы Балқаш көлінің жағасында демалуға жағдай жасалмаған. Жағажайға апаратын жолдың да сапасы сын көтермейді. Жарық пен таза су жоқ. 

Заманға сай демалыс орынын табу да қиын. Бұл туризмді дамытуға кедергі болып отыр. Кәсіпкерлер жергілікті биліктен инфрақұрылымды жақсартуды сұрайды.  Сол кезде инвестиция құйып, демалыс кешендерін ашуға дайын. 

Жергілікті кәсіпкер Серік Дайырбеков биыл Балқаш жағалауынан жаңа демалыс орнын ашты. Бірнеше қазақ үй мен дайын монша әкеліп орнатуға 10 млн теңге жұмсаған. Үлкеннен көлге дейінгі жолдың жағдайы нашар. Ауызсуды ауылдан тасиды. Қажетті электр қуатын өндіру үшін жанар-жағармаймен жұмыс істейтін шағын қозғалтқыштарды қолданады.   

Серік Дайырбеков, кәсіпкер:                         

- Не себепті аштық дейсіз? Неге десеңіз, Алматы, Тараз, Шымкент, Шу болсын бірінші осы жерге келеді, жақын жер. Негізінен көбісі Балқашқа барады, туризм сол жақта қатты дамыған. Сол себепті өзіміздің оңтүстік бөлікке жақын болсын деп бірінші демалыс орнын істеп жатқан жайымыз бар.

Еркебұлан Күлкеев, Алматы қаласының тұрғыны:

- Ұнап жатыр. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, жаңадан ашылып жатыр екен. Енді инфрақұрылымын әлі біраз жақсарту керек, жетіспей жатыр. Жолды реттеу керек екен, кішкене жарнама жетіспейді. Бірақ өзгерістер бар, бес жыл бұрын тіпті мынадай мүлде болмаған. Енді бұйырса атом электр стансасын салса, міндетті түрде инфрақұрылымның бәрін жасайды деп ойлаймын.

Үлкен ауылы Балқаш көлінің оңтүстік жағалауында орналасқан. Демалыс күндері мұнда Алатау баурайындағы ірі мегаполис пен Алматы, Жамбыл облыстарынан 150 – 200-ге жуық адам келіп кетеді. Шомылу маусымы жаңадан басталғандықтан қазір жағажайларда адам аз.

Амир Агеев, Алматы қаласының тұрғыны:

- Біз негізінен балық аулауға келдік, қармаққа жақсы түседі екен. Жағажайлары да керемет. Адам аз, арлы-берлі үздіксіз жүзіп жүрген қайық жоқ, сонысымен ұнады. Болашақта инфрақұрылымын жақсартса, туристер көптеп келе бастайды деп ойлаймын.

Надира Тілеубаева, Үлкен ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

- Ауылға инвесторлар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жерге туризм кіреді. Өйткені Үлкен ауылы Балқаш жағасында орналасқаннан кейін туризмді дамыту үшін жеке кәсіпкерлерді, инвесторларды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Балқаштың оңтүстік жағалауының инфрақұрылымын дамыту мақсатында жергілікті бюджеттен 31 млн теңге бөлініп, жоба жасала бастады. Оның ішіне Үлкеннен көлге дейін тас жол төсеу, электр бағаналары мен ауызсу құбырын тарту және кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары кіреді», – дейді мамандар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкеш, Аят Дүйсенбай