Алаяқтар жымқырған ақша 2 млрд теңгеге жуықтады

Қарағанды облысының тұрғындары жыл басынан бері интернет-алаяқтарға алданып, екі миллиард теңгеге жуық қаржысынан айырылды.

Мұндай қылмыстардың жалпы саны азайғанымен, полицейлер алаяқтықтың жаңа түрі – дропперлік фактілерінің көбейіп жатқанын айтады. Қаскөйлер дропперлердің банк карталары мен есепшоттарын ұрланған қаражатты айналымнан шығару үшін пайдаланады. 

Азаматтар дропперлер қолданатын алаяқтық схеманың құрбанына қалай айналғанын байқамай қалуы мүмкін. Мәселен, есепшотыңызға бейтаныс адамнан ақша түсіп, кейін оны басқа реквизитке қайтаруды сұраса, бұл өтінішті орындау арқылы сіз қылмыстық әрекеттің қатысушысына айналып, заң алдында жауап беруіңіз мүмкін ,-дейді мамандар.

Дінмұхамед Зияда, облыстық ПД Ерекше маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

- Жыл басынан бері облысымыздың аумағында дропперлерге қатысты 44 факт тіркелген. Өздерінің банк картасын есеп шоттарын үшінші тұлғаға бергені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген Мұнда 160 айлық көрсеткіш пен қоса 7 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу көзделген.

Жыл басынан бері Қарағанды облысында интернет-алаяқтыққа қатысты 762 дерек тіркелді. Алаяқтар әдетте банк қызметкері, құқық қорғау органы, медицина мекемесі немесе курьерлік қызмет өкілі ретінде хабарласады. Осындай тәсілмен жасалған 324 қылмыс анықталып отыр. Тағы 314 тұрғын жылдам табыс пен инвестициядан мол пайда табуға болады деген жалған уәдеге сеніп, қаржысынан айырылған. Солардың бірі – 15 миллион теңгесінен айырылған Әлібек деген азамат. Ол өз оқиғасын айтып беруге келісті, бірақ жүзін көрсетпеуді өтінді.

Әлібек, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Маған белгісіз адамдар хабарласып, атымнан несие рәсімдеуге әрекет жасалып жатқанын айтты. Қатты абдырап қалдым. Олар мұндай әрекетті тоқтату үшін белгілі бір сомада ақша салу қажет екенін айтып, психологиялық қысым көрсетті. Соның салдарынан екі банктен несие рәсімдеп, ақшаны алаяқтардың айтқан есепшоттарына аударып жібердім.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, алаяқтар қолданатын тәсіл үнемі өзгеріп отырады. Бірақ олардың негізгі мақсаты - адамды асықтырып, қысым көрсету арқылы ойлануға мүмкіндік бермеу. Сондықтан мұндай қылмыстың құрбанына кез келген жастағы және кез келген мамандық иесі айналуы мүмкін. Ал өңірде интернет-алаяқтықтан келген жалпы шығын жыл басынан бері екі миллиард теңгеге жуықтады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Лиана Жамлиханова, Аман Хамит