СҚО-да 71 жастағы қария каратэден қара белбеу алды
Петропавлдық 71 жастағы ақсақал киокушинкай каратэден қара белбеу иегері атанды. Осылайша, ол шығыс жекпе-жегінен ең жоғары шеберлік дәрежесін алып, жастарға үлгі көрсетті.
Бір қызығы зейнеткердің бұл спорт түріне ден қойғанына көп бола қойған жоқ.
Айдарбек Бегенов үшін бұл оп-оңай жаттығу. Оның киокушинкай каратэмен шұғылданып жүргеніне төрт-ақ жыл болды. Бірақ жеткен жетістіктеріне қарасаң, жастар жарты жолда қалады. Биыл зейнеткер шығыс жекпе-жегінен қара белбеу алып, шеберліктің ең жоғары дәрежесін иеленді.
Айдарбек Бегенов, Киокушинкай каратэден қара белбеу иегері:
- Осы топта екі адам бар. Менен бір жас үлкен Борис Самусев. Екеуміз Алматыда тапсырдық. Біздің Президент Ақтаудан өзі келіп емтихан алады. Сол күні 8 сағаттай тапсырдық қой.
Петропавлдағы киокушинкай каратэ үйірмесіне тұрақты түрде жасы алпыстан асқан 10 адам қатысады. “Зейнеткерлер шұғыл шаруа болмаса, бірде-бір жаттығуды жібермейді”, - дейді бапкер Людмила Бутенко.
Людмила Бутенко, жаттықтырушы:
- Біздің топта спортпен өмірі шұғылданып көрмеген адамдар да бар. Олар осында зейнетке шыққаннан кейін келді. Қазір өздерін сергек сезінеді. Буындары ауырмайды. Созылмалы сырқаттарын да ұмытты.
Қарт каратэшілер жаттығып қана қоймай, өздері арасында ұйымдастырылатын жарыстарға қатысады. Ең бастысы олар салауатты өмір салтын ұстанып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп келеді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков