Түркістанда экопарк ашылды

Түркістанда аумағы 50 гектар болатын экопарк ел игілігіне тапсырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған заманауи саябақ Түркістан жұртшылығы мен қонақтары бас қосатын мәдени орын болмақ. Онда спортпен шұғылданып, бос уақытты тиімді өткізуге қолайлы жағдай жасалған.

Қарашық өзенінің бойында орналасқан ауқымды экобақ 2 айда салынып бітті. Жаңа нысанның ашылуына 10 мыңға жуық адам жиналды. Шара барысында жаңа конституцияны қолдауға арналған акция өтті. Салтанатты жиында өңір басшысы Нұралхан Көшеров қала тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, санаулы күндерден кейін бүкіл ел болып қолдаған Жаңа Конституция күшіне енетінін атап өтті.

Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:

- Осы Ата заңымызды қолдау мақсатында халықтың ұсынысымен барлық аудан-қалаларда түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бұл іс-шара елдің қолдауын көрсетіп, мыңдаған марафоншылар мен спортшылардың қатысуы жаңа конституцияға деген құрметінің айқын дәлелі. Түркістан жұртшылығы референдумға қатысу бойынша елімізде көшбасшылар қатарында болып, бірлік пен отаншылдықтың үлгісін көрсетті. 

Экобақ аумағында жергілікті климатқа бейімделген ағаштар егілген. Одан бөлек 4 көпір, күн панельдерімен жұмыс істейтін 170 шам, 3 волейбол алаңы, 1 футбол алаңы, 4 мың шаршы метр балалар ойын алаңы салынған. Сондай-ақ балық аулайтын арнайы 3 жағажай, 11 от жағу алаңы, барбекю аймақтары, тас пен ағаштан жасалған мүсіндер орнатылған.

Мірәлі Расулов, қала тұрғыны:

- Көріп көңіліміз қуанды. Немерелеріміз ойнап, мына алтыбақанда, біздің балалық шағымызда болушы еді бұл алтыбақандар. Міне қайтадан өзіміздің қазақшылығымызға келіп жатырмыз. Түркістанымыз көркейе берсін. Балаларымыз осының қуанышын көре берсін.  

Шара аясында көпшілік назарына спорттық қойылымдар ұсынылды. Одан бөлек бүкіл облыс аумағында өткізілген «Tәртіпке тартыл» жобасының финалдық кезеңі өтті. Қатысушылар өз күштері мен төзімділіктерін сынап, спорттық шеберліктерін көрсетті. Мерекелік кеште қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары өнер көрсетіп, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш